Елордада қар барысына арналған көрме ашылды
«Қар барысы – Қазақстанға ғана тән нышанның бірі. Өкінішке қарай, бұл жыртқыш аңға құрып кету қаупі төніп тұр. Оның жойылып бара жатқанына бірнеше себеп бар. Алдымен адамның қатысын, атап айтқанда, қар барысының мекендеу ортасын бұзуды және браконьерлікті атап өтуге болады. Сонымен қатар экожүйе мен климаттың өзгеруі де жабайы аңның тіршілігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Түрлі дерек көздері бойынша бүгінде әлемнің 12 елінде 3 мың мен 7 мың аралығында қар барысы бар. Ал Қазақстанда болжамға сәйкес шамамен 135-тен 170-ке дейін ілбіс мекендейді. Қар барысы халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне және барлық 12 елдің ұлттық Қызыл кітабына енгізілген», – деді БҰҰ Даму бағдарламасы ұйымының Қазақстандағы тұрақты өкілі Якуп Бериш көрменің ашылу салтанатында.
Оның айтуынша, Қазақстанда қар барысын сақтау мен көбейтуге арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлейтін уақыт жетті.
Елордадағы «Барыс Арена» мұз айдынында ашылған көрмеге 30 картина қойылған.
Туындылардың авторы – ҚР Білім және ғылыми министрлігі Зоология институтының Қар барысы орталығының ғылыми қызметкері, фотограф Салтөре Сапарбаев.