Астаналық оқушы есту қабілеті нашар адамдарға арналған мобильді қосымша жасап шығарды
Жаңа қосымша Python бағдарламалау тілінде дыбыс пен суреттегі жазуды мәтінге айналдырады. Өнертапқыш оқушының айтуынша, виртуал көмекші мен мәтінді танитын сканер есту қабілеті нашар адамдардың өмірін жеңілдетіп қана қоймай, күнделікті өмірде смартфон қолданушыларына да көмектеседі.
“Меніңше, бұл жобам қоғамға пайдасын тигізетін сияқты. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың да, қарапайым адамдардың да кәдесіне жарайды деп үміттенемін. Олар енді мәтінді қолмен теріп отырмай, жай ғана дауыстап айта салуына болады. Сондай-ақ мобильді қосымшада мәтінде дереу өзге тілге аударып беретін функция да бар”, – дейді Хақназар.
Оның жұмысы NIS оқушылары арасында ұйымдастырылған "Туған елге тағзым" атты байқауда 46 жұмыстың ішінде 1-орын иеленді.
Болашақта Хақназар бұл қосымшаны Play Market және App Store дүкендеріне орналастырғысы келеді.
ДДҰ мәліметінше, бүгінде әлем халқының 5%-ында есту қабілеті нашар. Қазақстанда мұндай адамдардың саны 150 мыңның айналасында.