Елордада Қазақ радиосының 100 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
Салтанатты жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Қазақ радиосын мерейтойымен құттықтай келе, оның таралым аумағын кеңейту мақсатында шекара маңындағы аумақтарда радиохабар таратудың мемлекеттік желісін дамыту жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасы қабылданып, конкурс негізінде Қазақ радиосына 107 радиожиілік спектрі бөлінгенін айтты.
Оның нақты мысалы ретінде жиын барысында ШҚО, Тарбағатай ауданы, Көкжыра елді мекенінде жаңа радиожиілік іске қосылды.
Шара барысында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы Қазақ радиосының студияларынан сахнаға тікелей қосылым жасалды. Мерекелік кеште бейнематериалдар мен музыкалық нөмірлер қойылды. Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақталған Б. Момышұлы, Қ. Қайсенов, М. Әуезов, А. Жұбановтың үнтаспаға жазылған сұхбаттарынан үзінділер берілді.
Салтанатты кеш ресми бөлім, «Бастау кезеңі», «Даму дәуірі», «Жаңа белес» деген бөлімдерінен тұрды. Әр бөлімде Қазақ радиосының тарихи хронологиясы таныстырылды.
Мерекелік шараға орталық мемлекеттік орган басшылары, радио ардагерлері мен Қазақ радиосының ұжымы және ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері қатысты.