Жыл басынан бері 8 мыңға жуық интернет алаяқтық қылмысы тіркелген
«Қоғаммен серіктестікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тұжырымдамасы аясында Астанадағы мәселелер картасын таныстырған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов интернетте жасалған алаяқтық қылмыстар жайлы статистиканы жариялады, деп хабарлады Elorda.info ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда интернет алаяқтық қылмыстары өзекті. Соңғы 5 жылда оның саны 10 есе өсті. Биыл 7 800-ден астам интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді. Соның ішінде әр бесінші қылмыс елордада жасалған. Бұл біздің қала тұрғындарының онлайн сервистер мен банк қызметтерін белсенді пайдалануына байланысты. Алаяқтар шетелден қоңырау шалып, ауыспалы абоненттік нөмірлерді пайдаланады. Сондықтан байланыс операторлары арқылы техникалық тосқауыл қойылды. Ауыстырылған нөмірлерден 17 миллион қоңырау бұғатталды, - деп мәлім етті ведомство басшысы.
Сонымен қатар Марат Ахметжанов мұндай сипаттағы қылмыстарды ашу мен тергеу тәсілдерінің де өзгеріп жатқанын атап өтті.
Соның нәтижесінде жыл басынан бері тұрғындарға миллиондаған шығын әкелген қылмыскерлер ұсталған.
Тек 5 айдың ішінде Есіл ауданында осындай 864 қылмыс тіркелген. Оның 308-і ашылды. Сондай-ақ, Астана мен Қостанайда жұмыс істемейтін автомашиналарды ұтып алу бойынша колл-орталық ұйымдастырған ұйымдасқан қылмыстық топтың 18 қатысушысы ұсталды. Олар 80 азаматты алдаған. Келген шығын - 90 млн теңге. Сондай-ақ, елордада алаяқ ұсталды, ол интернет-сауда сылтауымен 26 азаматты алдап соққан. Залал сомасы 4 млн теңгеден асады, - деп тоқталды ІІМ басшысы.