Зейнетақы жинағын тіс емдеуге пайдалану: стоматологиялар жауапқа тартыла ма

Стоматологиялық қызметтерге ақы төлеу үшін зейнетақы жинақтарын заңсыз шығару фактісі көбейгеніне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі 2021 жылғы 15 ақпандағы "емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрыққа өзгерістер енгізді. Стоматологиялық қызметтерге ақы төлеуге берілген өтінімдерді талдау қорытындысы бойынша азаматтар қаражатының бір бөлігін алаяқтық схемалар арқылы бірқатар клиникалар шығарып берген. Осыған байланысты, биыл 15 қыркүйектен бастап банк зейнетақы қаражатының есебінен медициналық көмектің осы түрін қаржыландыруға өтінімдерді қабылдауды тоқтатылды. Заңсыз әрекетке барған стоматологиялық емдеу мекемелері жауапқа тартыла ма? Осы туралы Мәжіліс депутаттарынан сұрап білдік, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов зейнетақы жүйесіндегі ақшаны алаяқтық жолмен шығарған мекемелер жауапқа тартылады деп отыр.
"247 миллиардтан аса қаражат зейнетақы қорынан тіс емдеуге деген желеумен заңсыз шығарылған. Іске қатысты субъект және объектілерге қатысты тексеру жұмыстары жүргізіледі. Біздің министрліктің қызметкерлері тергеу орындарымен бірге жұмыс атқаратын болады", - деді ол.
Вице-министрден "стоматологиялық орталықтар тексеріліп, жазаланып болғаннан кейін зейнетақы қорындағы қаражатын қазақстандықтар тіс емдеуге қайта қолдана алу мүмкіндігі туа ма?" деп сұрадық.
"Тергеу жұмыстарының бәрі бітсін. Сосын барып, мүмкін қайта қаралатын шығар. Бірақ өздеріңіз де естіп отырғандай, заңсыз алынған қаражат 240 миллиардтан асады. Ал анықталмағаны қанша? Сондықтан бірдеңе деу қиын", - деді вице-министр.
Ал депутат Ринат Зайытов әр адам өз жинаған ақшам дейтін болса, зейнетақы қоры керек пе деп сұрақты төтеден қойды.
"Әр адам өзімнің жинаған ақшам өзім білем десе, онда зейнетақы қоры бізге керек пе, керек емес пе, соған қатысты шешім қабылдауымыз керек", - деді депутат.



