Тұрмыстық зорлық-зомбылық: Заңды қатайту мәселені шеше ме?
Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде әйелдерге күш көрсету мен әйелдер құқығы кеңінен талқыланып жатыр. Мемлекеттік деңгейден бастап, әлеуметтік желілерге дейін бұл мәселені көтерді және қоғам бұл жағдайды айыптап ғана қоймай, оның шыққан ортасына, тегіне, лауазымы мен мүмкіндігіне қарамай, заң бәріне бірдей қолданылуын, ешкімнің жауапкершіліктен сытылып кетпеуін қадағалап отыр. Президент ішкі істер министрі, Бас прокурор, Жоғарғы Сот төрағасы, сондай-ақ басқа да салалық ведомстволардың басшыларымен кездесіп, заң мен тәртіпті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар беруі қоғамды алаңдатқан мәселеге нүкте қойды. Осы орайда қоғамда қалыптасып отырған жағдай мен оны шешу бағытында жасалып жатқан шаралар туралы Елорда инфо сараптама жасап көрді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы Президенттің Қазақстан халқына арналған жолдауында бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұндай қылмыстарға жазаны қатайту үшін бірталай шаралар қабылданды. Оның ішінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекске өзгерістер енгізілді. Биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап полицейлер жәбірленушінің арызын күтпей-ақ, куәгерлер мен басқа да айғақтар негізінде заң бұзған азаматты жауапкершілікке тартатын болды. Биыл 2 тоқсанда осындай құқықбұзушылық жасаған 7 мың адамға шара қолданылған, ал үшінші тоқсанда 27 мың адам жауапкершілікке тартылыпты.
Жыл соңына дейін тиісті заң қабылданса отбасылық зорлық-зомбылық жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Өткен шақырылымда әлеуметтік желілердің қысымымен әрі қоғамның пікірін ескеріп, бұл заң жобасы мәжіліске кері қайтарылған болатын. Аталған заң жобасының авторларының бірі Мәжіліс депутаты Айдос Сарым, жалпы соңғы кезде қоғамда қысымға, қылмысқа төзбеушілік пайда бола бастағанын айтады.
«Біздің елімізде қатарынан екі үрдіс жүріп жатқан сияқты. Біріншіден 2019 жылдан бері жасалып жатқан реформалардың нәтижесінде Қазақстанда адамның өзіне деген құрметі мен адам өмірінің құндылығын артып келе жатқанын көріп отырмыз. Анық байқалып отырған өзгерістердің бірі қоғамда қысымға, қылмысқа төзбеушілік пайда бола бастады. Мейлі ол әскердегі әлімжеттік болсын, мейлі ол отбасындағы дау-жанжал болсын ашық айтылып, айыпталатын болды. Бұл жақсы үрдіс деп есептеймін. Халықтың наразылығы мен талабы заңнаманың өзгеруіне, тиісті бағытқа бұрылуына әсерін тигізуде. Бұған қоса балалар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы, гендерлік саясат пен басқа да бірқатар Халықаралық конвенцияларға қол қойылды. Ол келісімдер өз кезегінде біздің заңнаманың өзгеруіне ықпал етті. Екінші жағынан менталитет, ұят, абырой, ағайын-туыстың сөзі дегендер бар. Яғни кешірім беріліп, тиісті жазасы болмағандықтан кей оқиғалар трагедияға әкеп соғып жатыр», - деді Айдос Сарым.
Бүкіл әлемдік үрдіс көрсетіп отырғандай әйел мен бала құқығы сақталған мемлекеттер ол демократиялы мемлекеттер, олар даму үстіндегі мемлекеттер. Депутаттың сөзінше, Қазақстан да осындай озық елдердің қатарында болуы үшін тәртіпке бағынуды, заңға томпақ келетін әрекеттер жасамауды әркім өзі мен өз отбасынан бастағаны жөн.
«Бізде қылмысты айыптау жағына келгенде оны жасырып қалу деген қылмыстық ортадан шыққан жаман әдет бар. Кейбір азаматтарымыз көре тұра көрмегендей, ести тұра естімегендей болады. Қайта ауыр жағдайдың алдын алу үшін араласайық, араша түсейік. Көмегімізді көрсетіп, мейірім танытсақ қоғам өзгереді. Өзгермей қоймайды. Ал заң бұзған әр адам тиісті жазасын алуы тиіс. Кезінде отбасының шырқын бұзып, қол жұмсайтындарды жазалау әкімшілік жауапкершілікке өтіп кеткен болатын. Соны қайтадан Қылмыстық кодекске ауыстыру сияқты мәселелер қазір талқыланып жатыр. Меніңше ол дұрыс сияқты», - деді мәжілісмен.
Айдос Сарымның бұл пікірімен әріптесі Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Қарақат Әбден де келісіп отыр.
«Мен тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жауапкершілікті криминализациялауды қолдаймын. Бірақ криминализация проблеманы шешудің жалғыз жолы емес екенін түсінуіміз керек. Президенттің айтуымен немесе депутаттар заң шығарып, министрліктер оны орындаумен мәселе шешілмейтіні аян. Дүниежүзілік тәжірибеге қарасақ еш мемлекет заңды қатайту арқылы бұл проблеманы шешкен емес. Зорлық-зомбылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізбей тұрып ескеретін жайттар бар. Себебі ол да біреудің өмірі, тағдыры. Мәселен, бас бостандығынан айырудың оптималды мерзімі қандай болмақ? Сонымен қатар агрессор бостандыққа шыққанда әйеліне я болмаса сотталуына себеп болған өзге адамға өштесіп, кек алмайтындай, басқа түсінікпен, дұрыс көзқараспен шығуы керек. Яғни барлық іс-шара кешенді түрде атқарылса ғана көздеген нәтижеге жетеміз», - деді ол.
Қарақат Әбденнің айтуынша мұндайға жол бермеу үшін жұмысты рухани-адамгершілік тәрбиеден бастаған жөн. Бала тәрбиелеп отырған ата-ана, мектеп, қоғам өзінің жауапкершілігін терең сезінуі керек.
«Әр ата-ана өздерінің қарым-қатынасын қарап, «бізді көріп өсіп келе жатқан бала-шағамыз қандай болады?», «Біз оларға қандай үлгі көрсетіп жатырмыз?»,- деп ойланса деймін. Қоғамды дүр сілкіндірген соңғы қайғылы оқиғаға келсек, Бишімбаев танымал адам болған соң бұл туралы жан-жақты айтылып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай тұрмыстық зорлық-зомбылық елімізде күн сайын болып жатқаны жасырын емес. Тек бұл фактілер айтылмайды, жазылмайды. Бұрын көпшілігіміз мұндай жағдай әлеуметтік-қаржылық жағынан қиналып жүрген немесе басқа да тұрмыстық проблемалары бар отбасыларында ғана кездеседі деп ойлайтынбыз. Бұл біздің қоғамның дерті. Меніңше мұның артында Отбасы институты, отбасы құндылықтарының құлдырауы жатыр, - деді Қ.Әбден.
Депутат алдын алу шаралары ретінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және мемлекеттік органдар белгілі бір алгоритм дайындауы керек деген пікір айтты.
Күйеуінен басқа да адамдардан зорлық көрген, денсаулығына түрлі дәрежеде нұқсан келтірілген, психологиялық қысым жасалған әйелдердің саны нақты қанша екенін дөп басып айту қиын. Көбінесе мұндай оқиғалар ортасының, туған-туыстың араласуымен, я қоғамдық пікір мен ұятты ойлаған соң жабулы күйі қалып жатады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары бір отбасының ғана қауіпсіздігі емес, отбасы қоғамның кірпіші болған соң, барша қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шара болуы керек.
Криминологиялық-әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, адамның зорлық-зомбылық қылмысқа баруына бірнеше себеп әсер етеді. Соның ішінде отбасы мен өскен ортасының ықпалы зор. Яғни жастайынан ұрып-соғу мен қысымды көріп өскен балаға бұл норма сияқты қабылдануы мүмкін. Сол үшін заңгерлер бұл салада реформа жасағанда алдын алу шараларының ескерілуін алға тартады.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық қана емес, кез келген профилактика туралы заңдар, қылмыстық заңның немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңның аясы жетпейтін жерлерге, көлеңкесі түспейтін тұстарға бағытталуы керек. Өйткені, ол заңдар негізінен салдарымен күреседі, ал профилактика ол себеппен күрес. Сондықтан, осы заңды жетілдіру өзгерістерінен салдармен күресетін емес, себепті жоятын, бейтараптандыратын нормаларды көбірек көргім келеді», - деді заң ғылымдарының кандидаты, PhD, Maqsut Narikbayev University ассистент-профессоры Алмас Жұмағали.
Торғын Аман