00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Тұрмыстық зорлық-зомбылық: 60 мың адам жауапкершілікке тартылды

15 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тұрмыстық зорлық-зомбылық: 60 мың адам жауапкершілікке тартылды
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Астанада ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу қазіргі қоғам үшін аса маңызды міндеттердің біріне айналғанын айтты.

Ол азаматтық сектор мен қоғамдық пікір көшбасшыларының осы жағымсыз құбылыспен күресудің тиімді шараларын әзірлеуге және іске асыруға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны қатаңдату үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылданды. 1 шілдеден бастап полиция арыз күтпей, құқық бұзушылық анықталған кезден іс қозғайды. Жаңа түзетулер жәбірленушілердің өтінішінсіз әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғауға мүмкіндік береді. Ол үшін куәгерлердің, көршілердің жауаптары, бейнебақылау камералары мен бейнетіркеуіш жазбалары жеткілікті болады.

Біз нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу арқылы жұмысты күшейтуіміз керек. Ұлттық комиссия басымдықтарды анықтауға бағытталған бірнеше бастамалар мен жобаларды ұсынды, - деді ұлттық комиссия төрағасы.

1 шілдеден бастап тұрмыстық құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейгеннен кейін төрт ай ішінде жауапқа тартылғандар саны артқан.

Егер осы жылдың екінші тоқсанында 7 мың адам жауапқа тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамға жеткен. Биыл 60 мың құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 75 мың ескерту жасалды. Құқық бұзушылардың мінез-құлқын түзету үшін сот арқылы 12 мың ерекше талап қойылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 10 айдың қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу 20%, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар 4,2%, ауыр қылмыстар 12% төмендеді.

Құқық қорғаушы Айман Омарова отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және жазадан жалтармауға қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Комиссия мүшелері алдын алу мәселелерінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажеттігіне тоқталып өтті. 25 қарашада басталатын «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, ауқымды іс-шаралар жүргізіледі.

Біз үшін құқық бұзушыларды жазалап қана қоймай, осы қылмыстардың қайталануын болдырмайтын жүйе құру маңызды. Бұл біздің отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрестегі шешуші сәт. Біз қоғамымыздағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірлесіп және дәйекті түрде әрекет етуіміз керек, - деді Аида Балаева.

Отырыс қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелерін талқылау үшін бірқатар сараптамалық кездесулерге бастама жасау туралы шешім қабылдады.