Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу қыркүйекте басталады
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің елордалық департаментінің басшысы Әли Көмекбаев брифингте Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті үшінші іріктеу кезеңі туралы айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Іріктеу осы жылдың қыркүйегінен бастап желтоқсанға дейін алты кезеңде өтеді.
Бұл ретте мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігі ескерілетін болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті және сауда саясатын, агроөнеркәсіптік кешенді және қоршаған ортаны қорғауды, сыртқы саясат пен инвестицияларды, экономикалық және қаржы саясатын, цифрландыруды, әлеуметтік саясатты және азаматтық қоғамды дамыту салаларында, - дейді Әли Көмекбаев.
Кандидаттардың құжаттарын қабылдау қыркүйектің аяғына дейін pkrezerv.gov.kz сайтында жүзеге асырылады. Іріктеу объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Яғни, бағалаушылар үшін үміткердің кім екендігі беймәлім болады.
Іріктеуге жоғары білімді және бес жылдық жалпы жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Олар мемлекеттік тілді В1-ден төмен емес деңгейде меңгеруі тиіс.
Екінші кезеңде үміткерлер тестілеуден өтіп, онда олар күрделі мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеттерін көрсетеді.
Тестілеу аудио-бейне фиксациямен өтеді. Өту шартының сақталуын қамтамасыз ету прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады.
Келесі кезең таңдаған салалық бағыттарына байланысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын бағалауға бағытталған.
Орындалған тапсырманың шешімін бір уақытта тиісті бағыттары бойынша үш салалық сарапшы бағалайды. Сарапшылар пулы академиялық орта мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін, мемлекеттік қызметшілерді қамтиды.
Төртінші кезең ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбаттан тұрады. Сарапшылар мінез-құлық индикаторлары арқылы кандидаттардың бойындағы белгіленген құзыреттерді анықтайды: көшбасшылық, мәселелерді талдау және шешу, қызметті басқару, белсенділік. Үміткерлер топтық және жеке тапсырмаларда бағаланады.
Кәсіби HR менеджерлері әр үміткермен сөйлеседі, ішкі уәждемесін және құндылық бағдарларын айқындайтын құзыреттерді анықтайды.
Содан кейін резервшілермен сараптамалық комиссияда әңгімелесу өткізіледі. Оның құрамына қатысушылардың жеке нәтижелерін түсіндіре отырып ұсынатын мемлекеттік органдардың басшылары кіреді.
Сарапшылардың қорытындысы бойынша Ұлттық комиссия отырысында қарауға ұсынылатын қатысушылардың тізімі жасалады. Соңғы кезеңде – Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.
Айта кету керек, 2019 жылы өткізілген іріктеу бойынша резервке 300 адам, 2021 жылы – 50 адам алынды. 350 адамның 264-ы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервші Парламент Мәжілісі және 2 резервші мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.