00:00
Астана -10oC
Іздеу RU

Отбасындағы зорлық-зомбылық көбіне жабулы күйінде қалып жатады

Отбасындағы зорлық-зомбылық көбіне жабулы күйінде қалып жатады
Фото: Әйгерім Дәркембаеваның жеке мұрағатынан алынды

Өткен жылы Президенттің тапсырмасы бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі үшін жауапкершілік күшейтілді. Нақты қандай өзгерістер енді? Аталған құқық бұзушылықпен күрес елордада қалай жүріп жатыр?  Жәбірленушілерге нақты қандай көмектер көрсетіледі? Астана қаласы Полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Әйгерім Дәркембаевамен болған сұхбатта осы мәселе сөз болды.

- Әйгерім Маратқызы, алдымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңға енген соңғы өзгерістерге тоқталсаңыз...

Қылмыстық және әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Өткен жылдың 1 шілдесінен бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеуді өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшірді.

Енді әрбір факт бойынша Әкімшілік іс қозғалады. Ал соңғы құқықтық бағалауды сот береді. Өзгерістің бірі құқық бұзушының сотта бір рет қана татуласуға құқығы бар.

- Ал тұрмыстық зорлық-зомбылықтың нақты сипаттарына тоқталыңызшы? 

Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 желтоқсандағы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық – отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында бір адамның басқаларға қатысты дене немесе психикалық зардап келтіретін құқыққа қарсы қасақана әрекеті болып табылады.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың күш көрсету, психологиялық, сексуалдық және экономикалық сияқты түрлері бар.

- Астана қаласы бойынша 2024 жылғы осы уақытқа дейінгі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты статистиканы айта аласыз ба? Жәбір көрсетушілер заң бойынша жазалануы жайлы мәлімет келтіре кетсеңіз?   

Елордалық сотта екі айдың ішінде тұрмыстық құқық бұзушылық бойынша 994 әкімшілік іс қаралды.

Отбасылық жанжалға қатысты 1 590 қорғау ұйғарымы шығарылып, соттың шешімімен 192 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап қойылды.

Сонымен қатар, ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 1 070, ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша (Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) 38 және ӘҚБтК-нің 73-2 бабы бойынша (ұрып-соғу) 378 әкімшілік іс тіркелді.

- Қылмыстардың негізгі себептері қандай?

Қылмыстың негізгі себептері – араздық қарым-қатынастар, ішімдік ішу, мүлікті бөлу мәселелері, қызғаныш. Отбасындағы жанжалдар кезінде жәбірлеуші әйелді қорлауға ұмтылады және оларды физикалық зорлық-зомбылықпен қорқыту арқылы тыныштандыруға тырысады. Көп жағдайда қылмыстық фактілер жабулы күйінде қалғанмен, әйелдер туыстары немесе таныстары тарапынан психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа жиі ұшырап жатады.

- Қоғамдағы осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін қандай іс-шаралар қолға алынып отыр?

Полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету мәселелері бойынша дағдарыс орталықтары және үкіметтік емес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасайды.

Ал отбасылық агрессия құрбандары уақытша оқшаулау және оңалту көмегін көрсететін ұйымдарына орналастырылады. 

Мәселен, жыл басынан бері «Үміт» дағдарыс орталығының сенім телефоны арқылы 98 азаматқа қажет кеңестер берілді. Орталыққа 26 адам орналастырылды, оның ішінде әйелдердің саны 8 болса, балалардың саны – 18.

Сонымен қатар, «Қорғау-Астана» жеке қорымен ынтымақтастық орнатылды, ол жердің мамандары да оңалтуға көмек көрсетеді. Аталған қордың орталығына екі айдың қорытындысы бойынша 31 адам орналастырылды. Оның ішінде, 10 әйел адам және 21 бала бар.

Сондай-ақ, «Отбасылық табыс орталығы» ҚҚ, «Қорғау-Астана» жеке қоры, «Үміт» дағдарыс орталығы және «Қиын өмірлік жағдайдағы адамдар мен отбасыларды қолдаудың интеграциялық орталығы» өкілдерін тарта отырып, әр бейсенбі күні проблемалық отбасылармен жан-жақты жұмыстар жүргізілуде.

Сенбі күндері тұрақты түрде ер психологтар, мешіт өкілдері, қоғам қайраткерлері, блогерлер, «Әкелер кеңесі» АҚ, «Сенімен болашақ» РҚҚ өкілдерімен бірлесіп агрессорлармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп отырады.

Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторлары қоғам өкілдерімен, ҮЕҰ журналистермен, блогерлермен және қоғамдық полицияның көмекшілерімен бірлесіп, түрлі меншік нысанындағы қызметкерлер, мемлекеттік мекемелер мен студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру шаралары ұдайы жүргізеді. Осылайша, 2024 жылдың басынан бері 157 мәрте түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Астана қаласы ПД-нің Жергілікті полиция қызметі басқармасы «TÖRE TEAM» әлеуметтік спорт клубымен бірлесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды.

- Қоқан-лоққы көрушілер қайда қоңырау шалып, зорлық-зомбылықтан өзін қорғай алады?

Астана қаласының Полиция департаментінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған тұлғалар үшін 8 (7172) 71-60-63 сенім телефоны (жұмыс күндері жұмыс уақытында) жұмыс істейді. Сондай-ақ, әр астаналық тұрғылықты жері бойынша Полиция басқармаларындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшесінің қызметкерлерінен кеңес ала алады.

Шұғыл көмек алу үшін 102 нөмірі, мобильді қосымшасы немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 111 (бірыңғай сенім телефоны) нөміріне қоңырау шалуға болады.

 - Сұхбатыңызға рақмет!