Некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі

28 мамыр, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Некеге тұруға мәжбүрлегені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі
Фото: Freepik

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша түзетулерді қарау барысында депутаттар Қылмыстық кодексті «Неке қиюға мәжбүрлеу» деген жаңа 125-1 баппен толықтыруды ұсынды. Енді мәжбүрлі неке үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу және екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Егер бұл әрекет кәмелетке толмаған адамға жасалса, адамдар тобының күш қолдануы немесе қызметтік бабын асыра пайдаланумен байланысты болса, онда бас бостандығынан айыру мерзімі үш жылдан жеті жылға дейін ұзарады. Ал ауыр зардаптар орын алса, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Сонымен қатар Үкіметтің ұсынысы бойынша адамды ұрлаған тұлға оны өз еркімен босатса да, оның әрекетінде басқа қылмыс құрамы болмаса да, қылмыстық жауапкершіліктен босатылмайды.