Өндірістік Қазақстанға ұмтылыс
Президент айтты, Үкімет істеді. Биылғы экономиканы тірілтетін өндірістік бастамаларға дәл осындай баға берсек болатын шығар. Шикізатты келешек ұрпақтың несібесіне қалдырмай, өнеркәсіптің жеңіл не ауыр болсын ошақтарын дамытпай, бүгінгі күнмен өмір сүре беру, елдің болашағының тамырына балта шабумен тең екендігін мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қадап айтты. Ендеше, биылғы әрі соңғы екі жылдағы Үкіметтің ауыз толтырып айтар дәйектеріне шолу жасап көрейік, деп хабарлады Elorda.info.
Осы күнге дейін, бірде бір нәски шығармайтын ел болдық қой деген гу-гу әңгіменің болғаны рас. Өйткені, ашық айтайық, кешегі отыз жылдықтың үлкен әттегенайында, елде түрлі идеялар көтерілгенімен, сыбайластық пен ашкөздіктің салдарынан жүзеге аспай қалған жобалар аз болмады. Әрине, бұл жерде қайта жанданған класстерлік бағыт, яғни шикізатты құр өңдеп сату емес, бір шикізаттан бірнеше халық тұтынатын, қосалқы бөлшектер шығаратын отандық өнімдердің өндіруші орындарын ашу идеялары қарқынды жолға қойылғаны көңілге жағады.
Мысалы, Қарағандыдағы арнайы кокстармен, көмір майларын өндіретін 200 жұмысшысы бар зауыттың құрылуы, немесе жеті түрлі Artel брендісіндегі тұрмыстық техника өндірісінің, Саран қаласындағы Silk Road Electronics жаңа зауытында қуаты жылына 1,1 млн данада шығаратынын айтсақ та жеткілікті.
Бұл керемет жаңалық 2025 жылға дейін нарықтағы тұрмыстық техникаға деген шарықтаған бағаның түсуіне, халықтың қолжетімділігіне септігін тигізері анық.
Енді автокөлік сатып алушы ағайынға сүйінші бастамаға көшсек. Әркімнен естігенше, үкіметтік ресми ақпараттарғына сенсек, Қостанайда жылына - 10 мың дана Jetour көлігі, 15 мың дана Skoda көліктері шығарылмақ екен. Ал бұл аз десеңіз, жылына 70 мың дана Kia автокөлігі өндіретін жаңа зауыдтың іргетасы қаланды. Бұдан өзге Алматыда Hyundai Trans Almaty зауытының құрылысы аяқталып, барлық Hyundai ауыр жүк көліктерінің модельдері, Golden Dragon автобустарының қайта жөндеу зауыттары, Hyundai автокөліктерінің қосалқы бөлшектерін шығаратын локалдық парктері іске қосылмақ.
Жалпы бұларды не үшін тізбектеп отырмыз? Ең алдымен, бұл отандық автопромның күшеюі автобазар нарығындағы бағаның түсуі мен отандық қолжетімді сапалы көліктердің жасақталуына әсер етпек.
Негізі үкіметтің өнеркәсіпті жандандыру мен қайта өңдеуді арттыру мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған ауқымды Тұжырымдамасы қабылданды. Соның аясында, отандық өндіруші өнеркәсіптің жұмысын шикізаттықтан кетіп, зауыт-фабикаларды орнықтыру, сыртқы экспорттық бағдарға бейімдеу саясаты қарастырылған. Осы бағытта химиялық өнімдердің, сирек кездесетін асыл металлдардың өндірісін күшейтуде, жеңіл өнеркәсіптерден бастап ауыр өндірістік класттерлерді жасақтау картасы анықталуда. Мәселен, біз тұтынатын күнделікті салфетка мен сұйық сабындар зауыты Шымкентте ашылса, Батыс Қазақстанда мұнайхимиялық өнімдерінен, пластмассалардан шығатын бигбектердің, яғни шелектердің өндірісі жолға қойылуда.
Әрине, бәрін айтта бірін айт, Qarmet-тің мемлекетке қайтарылғаны, жылдың басты жаңалығы болды. Бұның қасында тағы - алтын, көмір, темір, мыс, боксит, көміртегі, полиметал т.с.с. табиғи байлықтарға бай кенорындарымен 54 келісімшарттың, барлауға берілген 96 лицензияның мемлекетке қайтарылғанын қоссақ, Үкіметтің өз қызметіне шын кіріскенін байқаймыз.
Оның үстіне, мемлекет жеңіл өндірісті, орта кәсіпкерлікті, тұрмыстық техника өнеркәсібін қарқынды жолға қоюға - 620 миллиардтан астам қаржыны ең төмен 3, 8, 9 пайыздық несиелеу жүйесін де жүзеге асыра бастады.
Әлбетте, Президент қойған тапсырмалардың орындалуы, бұрынғы әдеттей жаңа олигархтар мен латифундистердің плеадасын шығару емес, керісінше, халықтың әл-ауқатын арттыратын өндірістік саясатты шегендеп, жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтық инфрақұрылымдарды нығайтып, елдің экономикасын бекемдеп, әлемдік экспорттық әлеуетін қалыптастыру болмақ.
Осы бағытта мамандану бағдарлау жүйесіне, дуалді біліммен орта және жоғары оқу орындарына мән беріп, ақпараттық идеологиямен де үйлестірсе деген тілек бар.
Бұл өндірістік реформа бағытында еліміздің потенциалы жеткілікті. Бұған қажырлы еңбек, технологиялық жасампаздық, креативті индустрияға деген құлшыныс керек.
Мақсат Жақау