Науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады – Асхат Аймағамбетов

4 маусым, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
Науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады – Асхат Аймағамбетов
фото: instagram.com/aimagambetov

Мәжілістің жалпы отырысында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов отандық фармацияға қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мәжіліс депутатының айтуынша, елімізде дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек.

«Дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылуы үшін, олар ең алдымен НацЭЛС-те сараптамадан, сосын тіркеуден өтуі керек.  Норматив бойынша тіркеу мерзімі – 210 күн. Алайда, біреулер үшін бұл мерзім заңсыз 1275 күнге дейін созылса, ал осы ұйымның бұрынғы қызметкерлері үшін, өте жылдам 25ақ күнде аяқталып, рәсім өткізілді. 154 өтінім бойынша сараптама процедураларын бұзу фактілерін анықтады.  Дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек. Әрине мұндай қиындықтардан өту, тек алпауыт фармацевтикалық компаниялар және қымбат препараттар үшін мүмкін.  Нәтижесінде, арзан, бірақ науқастар үшін ауадай қажет дәрілер тіркелмей қалады. Өйткені ол үшін жүгіретін ынта да жоқ, қызығушылық та жоқ»,- деді депутат. 

Аудит нәтижесінде 28 «сары карточкалар» бар дәрілік заттар бойынша ешқандай шара қабылданбаған. 

«Заңға сәйкес, НацЭЛС, дәрілердің жағымсыз реакциялары туралы хабарламаларды жинақтап, талдап, шаралар қабылдау үшін жіберуіге міндетті.  Оның үстіне, дәрлердің кері әсерлері туралы 137 ақпарат түскенімен, тек 1 препарат қана кері қайтарылған.  Ал жалпы, фармацевтикалық бақылаудан 77 млн фармацевтикалық өнім тыс қалған»,-  Асхат Аймағамбетов.

Елімізде тіркеу мерзімі өткен және тиімділігі төмен, шығаруға ұсынылған 409 препарат 3 жыл бойы формулярдан алынбаған. Ал  тиімсіз деп танылған 5 препарат 29 ауруды емдеу хаттамаларынан шығарылмаған. Қажет делінген 96 тиімді препарат керсінше формулярға енгізілмеген. 

Осылайша мәжіліс депутаты отандық фармацияға қатысты бірқатар ұсыныс білдірді. 

«Жаңа дәрілерді тіркеу мерзімін 1 айға дейін қысқарту қажет. Клиникалық хаттамаларды уақтылы қайта қарауды қамтамасыз ету, олардан тиімсіз препараттарды алып тастау және қажетті дәрелерді уақытылы енгізу керек.  Баға белгілеу әдістемесін қайта қарап, шекті баға әлемдегідей 30%-дан аспауы керек. СК «Фармацияны» реформалау, логистиканы дамыту, бәсекелестіктік, есеп беру мен ашық ережелерін енгізу керек.  Ұлттық формулярға, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тізімдеріне және Бірыңғай дистрибьюторға енгізуге өтінім беру механизмін «бір терезе» қағидаты бойынша енгізу қажет.  Клиникалық хаттамалардың өмірлік циклін басқаруға, әр пациент бойынша дәрілік заттардың көлемін бақылауға арналған ақпараттық платформаны енгізу керекпіз.  Мемлекеттік сараптама процесін электрондық форматқа аудару керек»,- деді ол.