«Мектептерде смартфон пайдалануды шектеу қажет»: Елнұр Бейсенбаев ұсыныс айтты

Бүгін, 13:49
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views49
«Мектептерде смартфон пайдалануды шектеу қажет»: Елнұр Бейсенбаев ұсыныс айтты
Фото: видеодан скриншот/ Мәжіліс отырысы

Оқушылардың онлайн араласқанынан гөрі бетпе-бет қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мектептерде жаппай смартфон пайдалануды шектеу шараларын енгізу қажет. Мұндай ұсынысты Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды  Elordainfo.kz.

Депутат балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынып жатқанына қарамастан жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен ауыр қылмыстардың толастамай тұрғанын атап өтті. Сонымен қатар ол Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғаннан бері жасөспірімдер арасында 3 қайғылы жағдай болыпп, 3 жасөспірім көз жұмғанын айтты.

«БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9-сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойыны кезінде туған жанжал салдарынан 10-сынып оқушысы қатарласы тарапынан соққыға жығылып, қаза тапты. 1 қыркүйекте тағы бір оқушы өз қатарласын аяусыз өлтірген. Бас-аяғы 15 күннің ішінде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан, оның ішінде жасөспірімнің қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Оның мәліметінше, 2024 жылы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы – аса ауыр қылмыс. Ал биылғы 8 айдың ішінде 938 қылмыс тіркелген. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткішпен өткен жылдан да асып кету қаупі бар.

«Әсіресе, бұл көрсеткіштер Шымкент, Астана, Алматы қалаларында да өршіп отырғанын ескеруіміз қажет. Аталған оқиғалар – жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың да көрнісі. Мектептерді білім сапасына басымдық берілгенмен, тәрбие жұмысы көбіне қағаз жүзінде қалып отыр. Соның салдарынан оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспай келеді. Бұл – бір. Екіншіден, жасөспірімдер арасындағы психологиялық дағдарысты да байқауға болады. Бүгінде балалардың өз ашу-ызасы мен эмоциясын басқару қабілеті төмен. Ал мектеп психологтарының саны да, сапасы да бұл мәселені шешуге жеткіліксіз. Ювеналды полиция мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың да жұмысы формалды сипат алып отырғанын білеміз», - деді депутат.

Әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отырғанын тілге тиек еткен Елнұр Бейсенбаев әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналғанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарым-қатынасының нығаюына едәуір әсер етеді.

«Осыған байланысты келесі шараларды қолға алған жөн деп есептейміз: Біріншіден, білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мектепте антибулингтік бағдарламаны енгізу қажет. Екіншіден, әрбір мектепте психологиялық көмекті күшейтіп, балаларға жүйелі түрде агрессияның алдын алу, эмоцияны басқару және жанжалды шешу дағдысын үйретуге бағытталған нақты бағдарламалар қабылдайтын уақыт келді. Үшінші, спорттық және көпшілік іс-шараларды балалардың арасындағы командалық рухты күшейтуге, бір-бірін құрметтеуге, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіруге, заң мен тәртіпті сақтауға бағыттаған жөн. Төртінші, балалар арасындағы достықты нығайту, олардың онлайн араласқанынан гөрі бетпе-бет қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мектептерде жаппай смартфон пайдалануды шектеу шараларын енгізу қажет. Мұндай батыл шешімді Түркістан қаласы мен арнаулы интелектуалды мектептер бастап кетті. Қолдау қажет», - деді Мәжілісмен.

Нұрдәулет Кәкіш