Нашақорларға рақымшылық жасау қоғамға қауіпті болуы мүмкін – депутат


Мәжілістің жалпы отырысында депутат Гүлдара Нұрым ақыл-есі кем адамдарға, алкоголизммен немесе нашақорлықпен ауыратын азаматтарға рақымшылық жасаудың салдары туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ақыл-есі кем адамдарды, сондай-ақ алкоголизммен немесе нашақорлықпен ауыратындарға рақымшылық жасау арқылы босату қоғамға және сотталғандардың өзіне қауіпті болуы мүмкін. Заң жобасының жетінші бабының үшінші тармақшасына сәйкес, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар осы заң қолданылған кезде сот үкімі бойынша тағайындалған, бірақ аяқталмаған емдеуді жалғастыруды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды. Осыған байланысты екі сұрақ бар. Мұндай жағдайларда емдеуді жалғастыру процесі қалай ұйымдастырылады? Мұндай адамдардың толық емделуіне қандай орган жауап береді?»,- деді Гүлдара Нұрым.
Ішкі істер министрінің орынбасары Абай Қайырбековтің айтуынша, мұндай санаттағы 12 сотталған азамат рақымшылыққа ілігеді.
«Алкоголизммен немесе нашақорлықпен ауыратын сотталғандарды мәжбүрлі емдеу әрі қарай тұрғылықты тіркелген мекемеде жалғасады. Осы жолы осындай 12 сотталған рақымшылыққа ілігеді. Оның ішінде 10 адамның мерзімі қысқартылады. Ал 2-уі тіркелген мекемеде емдерін жалғастырады. Олар туралы денсаулық мекемелеріне алдын ала хабарландыру жіберіледі. Сонымен қатар біз де бақылауға аламыз»,- деді Абай Қайырбеков.



