00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Медициналық скринингтен өту аурудың алдын алудың кепілі – дәрігер

19 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Медициналық скринингтен өту аурудың алдын алудың кепілі – дәрігер
фото: Ақмарал Бегаеваның жеке мұрағатынан

Скрининг қандай да бір ауру түрлерін ерте анықтау мақсатында жасалатын медициналық тексеріс. Қазақстанда ересектер ғана емес, балалар да скринингтен өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

 

«Ерте анықталған ауруды емдеу оңай және асқынулардың алдын алуға болады. Скринингтен өту үшін азаматтар тіркелген жеріндегі емханаға баруы керек. Әдетте скринингтік тексерістен өтуі тиіс жасқа келген азаматтарға емханадан хабарласып, ескертеді.  Алайда қандай да бір себептермен дер кезінде келе алмасаңыз, кешігіп болса да дәрігерге қаралғаныңыз дұрыс. Скрининг аурудың белгілері байқалмай тұрып оны анықтауға мүмкіндік береді. Сондықтан оған немқұрайлы қарамаңыздар», - дейді Ақмарал Бегаева.

Елімізде жаңа туған сәбилерден бастап 18 жасқа дейінгі балалар жыл сайын профилактикалық тексеруден өтеді. Мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары, орта арнаулы оқу орындарының студенттері және 18 жасқа дейінгі студенттер жасына қарай бекітілген тізім бойынша қаралады. Әрі ол білім беру ұйымдарында жүргізіледі. Ал балабақшаға бармайтын балаларды тексеруден өткізу үшін емханаға немесе отбасылық денсаулық орталығына баруға болады. 

Ересектер арасындағы скринингке 30 бен 70 жас аралығындағы азаматтар шақырылады. 

Олар қан айналымы жүйесінің негізгі аурулары, қант диабеті, онкология және глаукоманы ерте анықтау бойынша тексеріледі. 

«Қан айналымы жүйесі ауруларын ерте анықтау үшін 40-70 жас аралығындағы пациенттердің қандағы холестерин деңгейі мен артериалдық қан қысымы өлшенеді. Мұнда жүректің ишемиялық аурулары, артериалық гипертензияны анықтай аламыз», - деді дәрігер. 

Мәселен, қант диабетін ерте анықтау мақсатында 40-70 жас аралығындағы азаматтардың қанындағы глюкоза деңгейі тексеріледі. Дәрігерлердің айтуынша қан талдауының нәтижесіне қарай кейбір науқастарға қант деңгейін төмендететін дәрі-дәрмектер берілуі мүмкін. 

Ал глаукоманы анықтауға арналған скринингте көздің қан қысымы өлшенеді. Себебі глаукоманы дереу арада емдемесе адам жанарынан айырылады. Бұған қоса қазақстандықтар  сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны обыры, ішек пен тік ішектің қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған онкоскринингтен өте алады. Жатыр мойны обырына 30-70 жас аралығындағы әйелдер онкоцитология тапсырады, ал сүт безі ісігін ерте анықтауға 40-70 жастағы әйелдерге маммографиялық тексеріс жүргізіледі. Ішек ісігін анықтауға 50-70 жас аралығындағы адамдар шақырылады. 

Дәрігердің айтуынша, тексерулердің қорытындысына қарай егер қажет болса салалық мамандарға жолдама беріліп, пациент тіркеуге алынады. 

Сонымен қатар Еңбек кодексінің 23 бабына сәйкес скринингтік тексерістен өту үшін жұмыс беруші қызметкерді тексеруден өтуге жіберуі тиіс. Айта кетейік, профилактикалық тексерулерді қаржыландыру міндетті медициналық сақтандыру жүйесінің есебінен жүзеге асырылады.