Манарбек Қылышқанов: Қазақстан – атом энергетикасымен жаңадан танысып жатқан жоқ
Әлемде атом электр станциялары электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі энергия көздерінің біріне айналды. Үздіксіз электр энергиясын өндіретін станцияны елімізде салу мәселесі көп уақыттан бері талқыланып келеді. Көпшілікті атом электр станциясының артықшылығы мен қауіпсіздігі толғандырады. Бүгінгі күн тақырыбына байланысты Elordainfo.kz тілшісі физика-математика ғылымдар докторы, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ ғылыми орталығының басшысы Манарбек Қылышқановпен байланысқа шығып, станция құрылысына қатысты тілдесті.
Қазіргі уақытта энергия ең маңызды жаһандық стратегиялық ресурс болып табылады. Қазақстанда бүгінгі таңда энергияның тапшылығы көп емес, жылына шамамен 2000 мегаватт. Физика-математика ғылымдар докторының айтуынша, елімізде жыл сайынғы электр энергиясын тұтыну өсімі 3 пайызды құрайды.
«Біртіндеп энергияның тапшылығы арта береді. Әрине, АЭС энергия тапшылығын толықтай жоя алмайды. Жаңа генерация құрылымында 2023 -2035 жылдарда атом энергиясының үлесі 9 пайыз болады. Осы орайда 2035 жылға қарай жаңа энергетикалық блоктардың біршама мөлшері, оның ішінде газбен жұмыс жасайтын станцияларды, бұл - 27%, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) – 36% іске қосу жоспарлануда»,- дейді ол.
Манарбек Қылышқановтың сөзінше, АЭС-ті пайдаланған кезде күкірт, азот тотығы, күл, көмірқышқыл газы және қалдықтар түзілмейді.
«Қазақстанның алдында тағы бір тапсырма тұр – атмосфераға көмірқышқыл газының шығарылуын азайту. Мысалы, органикалық отынды жаққан кезде шаруашылық қызметтен шығатын шығарындылардың жалпы көлемінен 81,6 пайыз көмірқышқыл газы түзіледі. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге жайлы мақсат қойып отыр. Парниктік газдардың шығарындылары жоқ генерация көздері - бұл атом электр станциялары, ГЭС және жаңартылған энергия көздері. Оның үстіне көмір станцияларына қарағанда АЭС-ті пайдаланған кезде күкірт, азот тотығы, күл, көмірқышқыл газы және қалдықтар түзілмейді»,- деп түсіндірді ғалым.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 3+ буынды реактор салу жоспарланып отыр. Ғылыми орталық басшысы елімізде жоғары деңгейде дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар екенін атап өтті.
«Республикамызда ядролық технология саласында жоғары деңгейде дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Мысалы, АЭС қауіпсіздігі бойынша Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) зерттеу нәтижелері Жапония, Франция және Ресейде атом энергетикалық станцияларын жобалау және пайдалану кезінде қолданылып келеді. Бірақ атом энергетикасына қоса ҚР Ядролық физика институтының зерттеулері де белгілі. Бұл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың көптеген бағыттары бойынша, тек іргелі зерттеулер саласында ғана емес, сондай-ақ бірқатар қолданбалы зерттеулер үдерісінде де жұмыс жасайды»,- дейді ол.
Манарбек Қылышқанов атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі – АЭХА тапсырысы бойынша Институт Қырғызстанға медициналық радиоизотоптарды жеткізуді бастағанын айтты.
«Сонымен қатар ҰЯО секілді атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрларды даярлау бойынша белсенді жұмыс атқарады. Жалпы еліміз атом энергетикасымен жаңадан танысып жатқан жоқ, мүлдем олай емес. Өткен жүз жылдықта Ақтауда, (бұрынғы Шевченко) әлемде алғаш рет жылдам нейтрондардағы тәжірибелік-өнеркәсіптік энергетикалық реактор БН-350 сәтті пайдаланылды. Республикада қазіргі уақытта үш зерттеу атом реакторы - екеуі Ұлттық ядролық орталық базасында және біреуі Ядролық физика институты базасында жұмыс істеп тұр»,- дейді ғалым.
Айта кетейік, елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум 6 қазанда өтеді. Бұл туралы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.