Мүгедектікті белгілеу бойынша 31 мыңнан астам өтінім қаралды
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы бойынша 31,7 мыңнан астам өтінім қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 24,7%-ын құрайды. Қазіргі уақытта жобаға 740-тан астам медициналық ұйым қосылған, деп хабарлады Elorda.info Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Былтыр сырттай куәландыру бойынша 57,1 мың өтінім қаралды, бұл куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 22,7%-ын құрады.
Мүгедектік тобын белгілеу жөніндегі қызметті алу үшін өтініш берушіге тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгіну және қажетті тексеруден өту қажет, қалған процестер ақпараттық жүйелерді интеграциялау есебінен оның қатысуынсыз өтеді.
Сырттай куәландыруға көшу:
- әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жояды;
- МӘС сараптамалық шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді;
- мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау шараларын анықтау бойынша қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік береді;
- көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушімен тікелей байланысын болдырмайды, сол арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.