Ішкі істер министрлігі зорлық-зомбылыққа қарсы арнайы акция бастады
ІІМ мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдерін, сондай-ақ жұртшылықты тарта отырып, республика аумағында “Зорлық-зомбылыққа қарсы белсенділіктің 16 күні” акциясын өткізеді,- деп хабарлады Elorda.info Polisia.kz. сайтына сілтеме жасап.
Іс-шара 25 қарашадан 10 желтоқсанға дейін жалғасады.
Акцияның мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды насихаттау.
Акцияны өткізу барысында имидждік іс-шаралардан бөлек отбасында құқық бұзушылық жасауға бейім адамдарды, сондай-ақ жайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеру жоспарланған. Құрылған мобильді топтар тұрмысы жайсыз отбасылар мен өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді көмек көрсетуге ерекше назар аударатын болады. Агрессорлармен әкімшілік қамауды өтеу кезеңінде профилактикалық жұмыс жасау үшін қоғамның белсенді өкілдері жұмылдырылып, арнайы қабылдағыштарға бару жоспарланған, - деді ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.