«Ешқандай күмән болмауы керек»: экология министрі киік етінің сапасы туралы айтты


Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз конференциясында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік етінің сапасына қатысты сұраққа жауап берді , деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Киік ұшасы арнайы сертификатталған комбинаттарға тапсырылады.Олар барлық қажетті тексерулерден өтеді. Алдымен олардың мекендейтін жерлерінде эпизоотиялық жағдай зерттеледі, содан кейін ет комбинатында қан талдауы мен түрлі ауруларға сынамалар алынады. Тек осыдан кейін ғана бұл ет сатылымға шығарылады. Сондықтан да оның сапасына қатысты ешқандай күмән болмауы керек»,- деді Ерлан Нысанбаев.
Министр киік етін заңсыз сату мүмкін емес екенін айтты.
«Бүгінде барлық сауда нүктелеріндегі ет өнімдері ветеринарлық және санитарлық қызметтер арқылы тексеруден өтеді. Сондықтан мұндай жағдайға жол берілмейді. Әрине, егер ет жол жиегінде, қаладан тыс жерде сатылса... Бірақ ондайды елестету де қиын. Қазіргі таңда еттің рұқсат етілмеген жерлерде сатылуы мүмкін дегенге сене алмаймын. Бұл мәселені тиісті қызметтер қатаң бақылауда ұстап отыр»,- деді ол.



