00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 7 мыңға жуық әкімшілік іс қаралды

5 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін 7 мыңға жуық әкімшілік іс қаралды
фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астана қаласының коммуникациялар қызметінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығы» КММ басшысы Ғалихан Қоқанбеков, Астана қаласы ПД ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция капитаны Айгерім Даркембаева, Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаеваның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Астана қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығы стационар жағдайында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін құрылған. Орталық 50 орынға арналған, төрт мезгіл тамақпен қамтамасыз етеді және қызмет алушы 1 айдан 6 айға дейін тұрақтай алады. Орталық ашылғалы бері 2013 жылдан бастап 2337 әйелдер мен  балалар қызметке жүгінген. 2023 жылды 214 қызмет алушы қабылданыпты, оның ішінде 60 әйел, 154 бала бар.

Әлеуметтік жұмыс мамандары кейс-менеджмент технологиясын белсенді қолданып, қызмет алушылардың оңалтудан кейінгі патронажын енгізді, бұл әрбір жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуге және дағдарыс орталығынан басқа, шығарылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілетін қызметті алушылардың алдағы уақытта бақылауға және қажет болған жағдайда көмек көрсетуге мүмкіндік берді,-дейді «Үміт» дағдарыс орталығының басшысы Ғалихан Қоқанбеков.

Бұл ретте учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аумақтарда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын-алу және тұрмыстық қылмыстың өсуіне жол бермеу мақсатында күнделікті жұмыс жүргізеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануын болдырмау мақсатында 2023 жылдың 12 айы бойынша тұрмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін сотта 6595 әкімшілік іс қаралған. Отбасылық жанжалқойларға қатысты 9090 қорғау ұйғарымы шығарылып, соттың шешімімен құқық бұзушының мінез-құлқына 582 ерекше талап қойылған.

ӘЗЗҚТ қызметкерлері «қорғау нұсқамасы» шығарылған тұлғаларды қадағалау тәжірибесін енгізді. «Қиын өмірлік жағдайдағы жеке тұлғалар мен отбасыларды қолдаудың ықпалдастық орталығы» мамандары мен учаскелік инспекторлар бірлесіп 5 отбасына әлеуметтік-құқықтық және психологиялық көмек көрсетті. Сонымен қатар, пилоттық режимде ODARA жүйесін пайдалана отырып, тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін бағалаудың халықаралық құралы енгізілді. Оның көмегімен ҮЕҰ психологтарын тарта отырып, агрессорлармен жұмыс жүргізіліп, тұрмыстық салада қылмыс жасауға бейім тұлғалар анықталды,-дейді Астана қаласы ПД ЖПҚБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы полиция капитаны Айгерім Даркембаева.

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Баян Тойкебаева өткен жылы елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтілгенін атап өтті. 

Енді полиция қызметкерлері жәбірленушінің өтінішінсіз іс қозғай алады, ал ерлі-зайыптылар татуласу үшін сотқа бір рет қана бара алады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық газетке берген сұхбатында құқық бұзушылар үшін жазаны қатаңдату туралы тағы да айтты. ІІМ-де биыл құқық қорғау органдарының әйел-қызметкерлерін барынша тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімше құрылады. Дағдарыс орталықтарының саны ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға әлеуметтік-психологиялық түзету практикасы енгізілетін болады,-дейді Б. Тойкебаева.

Отбасымен, әйелдермен және балалармен байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі зерттеу үшін өткен жылы комиссия жанынан үш жұмыс тобы құрылған. Комиссия бірқатар қалалық басқармалармен, ҮЕҰ және БАҚ-пен белсенді ынтымақта жұмыс істейді. Бұл көптеген мәселелерді жұртшылықтың қарауына шығаруға және халықтың, атап айтқанда әйелдер мен көпбалалы отбасыларда болатын түйіткілдерді уақтылы шешуге мүмкіндік береді.