00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елімізде жұмыссыз жастардың саны өскен

13 мамыр, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елімізде жұмыссыз жастардың саны өскен
фото: gov.kz

Биылғы бірінші тоқсанда Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының әдістемесі бойынша есептелген жұмыссыздық деңгейі 4,8%-ды құрады, деп хабарлады Elorda.info  Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап. 

Сарапшылар мәліметінше, республика экономикасының әртүрлі салаларында 9 млн адам жұмыспен қамтылған. Олардың 6,9 млн-ы (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 76,7%) жалдамалы қызметкер болса, 2,1 млн адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санынан 23,3%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. 15 және одан жоғары жастағы халықтың жалпы санына шаққандағы жұмыспен қамту деңгейі 65% құрады.

Былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 72,3 мың адамға өсті, оның ішінде жұмыспен қамтылғандар – 39,5 мың адам, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 32,8 мың адам. Жұмыспен қамтылған халықтың ең көп үлесі сауда саласында (17,3%), білім беруде (12,9%), өнеркәсіпте (12,6%) және ауыл шаруашылығында (11,5%) байқалды,- деп жазылған хабарламада.

2023 жылғы бірінші тоқсанда 453,5 мың жұмыссыз адам болды.

15 пен 34 жастағылар арасындағы жұмыссыздық деңгейі - 4,1%. Жұмыс істемейтін және біліммен немесе кәсіптік оқумен айналыспайтын NEET жастарының үлесі - 7,9% (422 мың адам).

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 2023 жылғы сәуір айының соңына 286,1 мың жұмыссыз ресми тіркелген. Тіркелген жұмыссыздардың үлесі жұмыс күшінің 3%-ын құрады.

.