Елімізде соңғы екі жылда 237 әскери көз жұмған
Олардың 89-ы ауру-сырқаттан, 62-сі жол апатынан, 50 адам суицидтен қайтыс болған. Сенатта әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлады Elorda.info 24.kz-ке сілтеме жасап.
Депутаттар бүгінде әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамайтынын айтты. Былтыр 131 мыңнан астам бозбала әскерге шақырылса, 13 проценті жарамсыз екені анықталған. Сенаторлар жасөспірімдердің тән мен рух тәрбиесі қолға алынуы тиіс деген пайым айтты. Себебі қазіргі кезде міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр.
Әскерге шақыру комиссиясының алдына келгенше әр баланың бүкіл психо-физикалық портреті жинақталуы тиіс. Бұл сараланған ақпарат суицидке бару, әлімжеттік көрсетуге бейім адамдарды ерте анықтап, көп мәселенің алдын алады, деді депутаттар.
Сондай-ақ әскери қызметшілердің жалақысын арттыру, әскери және азаматтық дәрігерлердің жалақысын теңестіру, тұрғын үй сатып алу үшін бастапқы жарнаны төмендету шаралары қаралды.