Еңбек нарығында «ақ жағалылардан» гөрі, «көк жағалылар» сұранысқа ие болып отыр
Ақпараттық технологиялардың дамуы әр маманға деген талапты күшейтті. Қазіргі қоғамда мол нәсіп табу үшін қандай кәсіп таңдау керек? Еңбек нарығындағы сұранысқа ұсыныс сәйкес келіп отыр ма? Elorda.info тілшісі тақырып төңірегінде сарапшылардың пікірін сұрап-білді.
Саяси зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Мейрамкүл Исаеваның пайымдауынша, қазіргі ақпараттық қоғамда техника мен технологияның тілін жетік меңгерген мамандар алдымен сұранысқа ие болатыны сөзсіз.
Біз өмір сүріп жатқан қоғам – ақпараттық қоғам. Бұрын материалдық құндылық басымдыққа ие болса, қазіргі басты құндылық – ақпарат. Яғни, соңғы жаңалық, соңғы инновацияларға ие болған маман – сұранысқа ие маман.
Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі болғандықтан, қазіргі кезде жаһандық деңгейде қандай мамандықтар сұранысқа ие болса, мемлекетімізде де бұл құбылыс орын алатыны анық.
Сол себепті бүгінде ақпаратпен жұмыс жасайтын, соңғы техниканы жетік меңгерген IT саласының қызметкерлері сұранысқа ие мамандардың көшін бастап тұр. Зерттеулер нәтижесінен бұдан кейінгі тізімде инженерия, медицина, туризм, логистика, химия және энергетика саласының мамандарын көреміз, - дейді М. Исаева.
ҚР ҒЖБМ Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми қызметкері Әсем Ибраимова да жоғарыдағы сарапшының пікірімен келісіп отыр. Ол да цифрландыру кезеңінде IT мамандары ауадай қажет екенін айтты. Өйткені қазір әрбір мекеме цифрландыру кезеңіне өтіп жатыр: жеке сайт, әкімшілік немесе бизнес үрдістерді басқару бағдарламалары, мобильдік бағдарламалар қазіргі заманның талабына айналды. Әйтсе де, оның айтуынша, 5-10 жылдан кейін ұсақ немесе орта деңгейдегі жұмыстарды атқарып жүрген программист мамандар жұмыссыз қалуы мүмкін. Өйткені, шаблондық немесе нақты бір модельге негізделген әрекеттерді жасанды интеллект те істеп жатыр. Ал IT саласындағы жоғары білікті мамандар қашан да болсын сұранысқа ие болмақ.
Бүгінгі таңда коммерциялық нышандағы онлайн мамандықтар табысты. Олар: дизайнер, СММ, мобилограф, таргетолог, маркетолог, консалтинг және IT саласының қызметкерлері. Өйткені қазір тұтынушылықтың шарықтап тұрған заманы. Ал бұл мамандықтар өздерінің оңтайлы әдістері арқылы адамдарға сауда жасау, өздеріне қажетті қызметті пайдалану үшін оңай, жылдам әрі жайлы жағдайларды жасап отыр. Маркетологтар тауарды жарнамаласа, программисттер және де басқа да мамандар үйден шықпай-ақ сол тауарға тапсырыс беру үшін ыңғайлы платформалар жасап қойған. Осы тізбекті жалғастырып отыратын мамандықтардың барлық дерлігін табысты деп айтуға болады, - деді Ә. Ибраимова
Сарапшы сондай-ақ, қазіргі қоғамда шығармашылыққа бет бұру тенденциялары жүріп жатқанын айтты. Ақпараттық «бум» нәтижесінде кез келген дербес ақпарат ұсынушы стрингерлер, бұдан басқа мықты мамандарды белгілі бір мекемеге «аулап» беретін хедхантерлер, жоғары лауазымды адамдардың мінберде сөйлейтін сөзін дайындап беретін спичрайтерлердің қызметі ұзақ мерзімге дейін өзекті болады деген ой қалыптасып отыр. Бұлар - СММ, мобилограф сияқты фундаментальді ғылымға негізделмеген, қысқа курстар арқылы да үйренуге болатын әрі қашықтан жасауға болатын кәсіптер. Сондықтан да жастар үшін аса ыңғайлы.
Сонымен қатар ол мына бір тенденцияға да назар аударды. Яғни, қазіргі қоғамымызда жеке адамға қызмет етуші мамандар күн сайын артып келеді. Және де ол қалыпты жағдайға айналып отыр. Оның айтуынша, бұл тенденция батыс елдерінен келіп отыр. Отбасылық дәрігер немесе заңгер, жеке психолог- соның бір көрінісі. Қазіргі таңда біреудің үйін ақысына жинап беретін клинер қызметі де кең таралды және бұрынғыдай мұны ешкім әбестік немесе намыс деп санамайды.
Ал Философия, саясаттану және дінтану орталығының аға ғылыми қызметкері Еңлік Қасабекова бүгінде ақпараттық технологияларды жетік білетін мамандармен қоса, тұрмыстық техникаларды жөндейтін, орнататын мамандар, аспаздар мен сауда саласының сарапшылары, сондай-ақ педагогтар мен психологтар әлі де сұранысқа ие екенін айтты.
Жалпы алғанда, коммерциализацияланған қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, жастарды қазіргі қоғамға қажетті мамандықтарға оқыту қажет. Тіл мамандары, оның ішінде ағылшын, қытай, түрік, парсы, араб тілдерін меңгерген аудармашылар, сән индустриясының мамандары, оның ішінде шаштараз, подологтар қайнаған еңбек нарығынан өз орнын табатынына сенімдімін. Сондай-ақ медициналық қызметкерлер, оқытушыларға деген сұраныс азаймайтыны анық.
Айта кетерлігі, болашақта өз мамандығын жетік меңгерген маман ғана емес, әмбебап мамандар керек, тіл білетін, алға ұмтылып тұратын жаңашыл адамдар қажет. Артқа тартатын, ешнәрсеге қызықпайтын адамдарға болашақта орын аз, - деген ойын білдірді Е. Қасабекова.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне иек артсақ, еңбек нарығында «ақ жағалылардан» гөрі «көк жағалылар» анағұрлым сұранысқа ие екен.
Электрондық еңбек биржасының 2023 жылдың екінші жартыжылдығындағы мәліметі бойынша, білім беру мекемелері тарапынан тәрбиешілер (13 мың), одан кейін математика пәнінің мұғалімдері (9,9 мың бос орын), автокөлік жүргізушілері (9,5 мың) ең жоғары сұранысқа ие.
Ал өткен жылдың соңғы айындағы көрсеткішке сүйенсек, әлеуметтік сала қызметкерлеріне (2,5 мың бос орын), тапсырыс берушілерге (1,7 мың бос орын), тігіншіге (1,6 мың) және аспаздарға (1,5 мың бос орын) сұраныс жоғары болған.
Жалпы, белгілі бір мамандықтарға сұранысты әрқашан жұмыс берушілер қалыптастырады. Күрделілігі жағынан 81-орында тұрған отандық экономиканың бүгінгі таңда негізгі қажеттілігі біліктілігі орташа деңгейдегі кадрларға бағытталып отыр. «Талап» КЕАҚ 2022 жылы жүргізген сауалнамаға сәйкес, жұмыс берушілердің 79%-ы «көк жағалыларға» зәру, атап айтқанда, өнеркәсіп пен өңдеуші салалардың, құрылыс, көлік және т.б. салалардың қызметкерлері жоғары сұранысқа ие. Бұған қоса, Электрондық еңбек биржасының (Enbek.kz) мәліметтері бойынша, 2023 жылдың екінші жартыжылында ең көп сұраныс мұғалімдерге, көлік жүргізушілерге, күзетшілерге және санитарларға қатысты қалыптасты.
Жастар тарапынан мамандық таңдауға келетін болсақ, ҰСБ деректері бойынша, 2023 жылдың басында ТжКБ түлектерінің шамамен 50% инженерлік, педагогикалық, медициналық және бизнес мамандықтары бойынша білім алған болатын. Осындай жағдайды университет студенттері құрамынан да байқауға болады – педагогикалық, инженерлік және экономикалық мамандықтарда оқып жатқандардың үлесі жалпы студенттер санының 50%-дан астамын құрайды.
Демек, жастардың мамандық таңдауы еңбек нарығының сұранысына толық сәйкес келмейді деп айтуға болады. Яғни, еңбек нарығында біліктілік теңгерімсіздігі бар. Оның үстіне бұл мәселенің түп-тамыры бұрыс ерте кәсіптік бағдар беруден қалыптасады. Барлық мектеп оқушыларының үштен екі бөлігінен астамы болашақ мамандығын өздері емес, ата-анасының немесе мұғалімдерінің пікіріне сүйене отырып таңдайды, - деп мәлімет берді Еңбекмині.
Бұл көрсеткіштерден жұмыс берушілерге кеңседе отыратын қызметкерлерден гөрі қарапайым мамандық иелері көбірек керек екенін байқаймыз. Алайда бұл - «тек жұмысшы бол, жоғары білімді, білікті маман болма» деген сөз емес. Жоғарыда пікір білдірген сарапшы Әсем Ибраимова бұл жерде әңгіме санда емес, сапада болып отыр деген пікірін қосты.
Мәселе, мамандықтардың аз-көптігінде емес, олардың сапасында болып отыр. Мысалы, дәрігерлік - әлі де сұранысқа ие мамандық. Тиісті жоғары оқу орындарынан жылда жүздеген түлектер шығады. Бірақ, бұл түлектердің басым бөлігіндегі білім деңгейі мен тәжірибелері әлі де көңіл толарлық емес. Педагогтар, құрылыс инженерлері, әлеуметтік қызмет көрсету саласының қызметкерлері арасындағы кең таралған мәселе – ол сұранысқа тиісті сапамен жауап бермеу болып отыр. Бұл мамандықтар қай жағдайда да болсын керек мамандықтардың көшін бастап тұрады.
Одан бөлек, қазіргі жаһандық өзгерістерді есепке алғанда, біздің қоғамға маркетинг негіздерін білетін, яғни қоғамдық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың әдістерін игерген эколог мамандар тапшы болып отыр. Сонымен қатар, қоғам топтарының азаматтық ұстанымдарын, протесттік көңіл күйлері мен қоғамға потенциалды қаупі бар әрекеттерін зерттейтін әлеуметтік қызмет агенттері жетіспейді. Және де ең бастысы, интернет пен виртуалды ойын тәуелділігінен шығаратын психолог мамандар керек болып отыр, - дейді ҚР ҒЖБМ Философия, саясаттану және дінтану институының ғылыми қызметкері Әсем Ибраимова.
Қандай қоғамда өмір сүрсеңіз де, бірінші кезекте сұранысқа ие және мықты маман болу - заман талабы. Ақпараттық қоғамда табысты, еңбек нарығында сұранысқа ие, жақын болашақта «өлмейтін» мамандықты таңдаған адам – мына жүрдек заманнан қалып қоймайды. Мол тәжірибесі бар, жан-жақты, білімді де білікті маман еш уақытта да жұмыссыз қалған емес.
Салтанат Мұратқызы