Былтыр әйелдер шаштараз қызметіне 28,5 млрд теңге жұмсаған
2022 жылы косметологтар мен сұлулық салондары көрсеткен қызметтер көлемінің жалпы сомасы 89,9 млрд теңгені құраған, деп хабарлады Elorda.info.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылы әйелдерге көрсетілген шаштараз қызметінің көлемі 28,5 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 4,1 есе көп. Ал ерлер шаштараздарының көрсеткен қызметтерінің жалпы сомасы 10,6 млрд теңгені құрады, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 4,2 млрд теңгеге артық.
Маникюр мен педикюрді қоса алғанда көрсетілген косметикалық қызмет көлемі өткен жылы 22,2 млрд теңгені құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 10,4 млрд теңге болған.
Сұлулық салондарындағы өзге де қызметтер көлемі 28,4 млрд теңгені құрады (2021 ж. – 11,2 млрд теңге).
Айта кетейік, 2023 жылдың маусымында шаштараз бен сұлулық салондарындағы қызмет бағасы өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 15,1% өскен.