Биыл мүгедектігі бар адамдар портал арқылы 288 мыңнан астам қызмет алды


2025 жылдың басынан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдардың 288,9 мың тапсырысы орындалды, деп хабарлады Elordainfo.kz Еңбек министрлігіне сілтеме жасап.
Тапсырыстардың ішінде 224,3 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын , 7,7 мың – ымдау тілі қызметін, 24,4 мың – жеке көмекшінің, 32,5 мың – санаторийлік-курорттық емдеу қызметін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінде Порталда 640 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуші, 999 ОТҚ жеткізушісі, 31 мыңнан астам жеке көмекші, 760 ымдау тілі және 133 санаторийлік-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.



