Бүгін - Дүниежүзілік волонтерлер күні
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев волонтер болу патриотизмнің, отаншылдықтың жарқын үлгісі, адамгершілік құндылықтарын бәрінен жоғары қоятын жандардың өмір салты деп көрсеткен болатын. Елімізде волонтерлікті дамытудың 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасы қабылданып, оның аясында волонтерлік қозғалыстың қызметі жанданды. Түрлі қайырымдылық акциялар ұйымдастырылып, волонтерлікке келгендер саны көбейді. Солардың бірі қарттар мен кемтар жандарға көмек көрсетіп жүрген «Истоки добра» қоры. Атаулы күн қарсаңында Elorda.info қордың жұмысымен танысып қайтты.
«Истоки добра» қоры 2013 жылы құрылған. Қазір қор құрамында тұрақты түрде қайырымдылықпен айналысып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жүрген 20-ға жуық ерікті бар. Олар зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ас-ауқат дайындап, оны үйіне жеткізіп берумен айналысады. Қор жетекшісі Динара Насибуллинаның айтуынша, апта сайын 70 адамға үйіне ыстық тамақ жеткізіледі.
Азық-түлік жиынтығында ыстық тамақпен қатар, салат және түрлі тіске басар тәттілер бар. Қарттарға, әсіресе жалғыз тұратын немесе денсаулығына байланысты ас дайындай алмайтын жандар үшін бұл айтарлықтай көмек деп санаймын. Біз олардың өмірін қолымыздан келгенінше жеңілдетіп, кішкентай болса да қуаныш сыйлағымыз келеді. Қорға хабарласатындардың дені азық-түлік пен киім-кешек сұрап жатады. Кейде дәрілік препораттар мен түрлі медициналық жабдықтар керек болады. Әрине мүмкіндігімізше тауып беруге тырысамыз, біз үшін көмек сұраған адамға қол ұшын созу, оның проблемасын шешіп беру маңызды, - деді ол.
Динара Насибуллина кезінде өзім де көмекке мұқтаж жан болғандықтан оларды жақсы түсінемін, әрқайсына қорған болып, қамқорлық көрсетуге дайын тұратыным содан шығар дейді.
Өзім адамдарға көмектеспей жүре алмаймын, неге екенін қайдам үнемі осындай жандар жолығады. Волонтер екенімді білмесе де жағдайын айтып жатқан соң бей-жай қарай алмаймын, жауапкершілікті сезінемін. Адамдар қым-қуыт тірлікте бір сәт болса да айналасына қарап, көмекке зәру жан бар ма деп зер салса екен. Мүмкін көршіңе не көшеде тұрған жанға көмек керек. Теріс айналмаңыздар. Бәріміз осы қоғамның мүшесі болғандықтан мейірімділік, қамқорлық танытсақ қоғамымыз гүлденеді, айналамыз аман болады, - деді ол.
Волонтерлердің бірі Юрий Безбородов та қала тұрғындарын қайырымдылыққа, сауапты іске үлес қосуға шақырды. Кеңседе қызмет ететін ол түскі үзілісті өзіне емес, өзгелерге арнауды жөн санапты.
Волонтерлікпен айналысып жүргеніме 2 жылдай уақыт өтті. Түскі уақытта 10 шақты адамның үйіне дайын асты жеткізіп беруге үлгеремін, жұмысыма еш кедергісі жоқ. Қайта қайырымды ісіме қуанамын. Қарттардың алғысы мен батасы күш береді. Біз не жасасақ та өзімізге қайтып келетінін ұмытпау керек. Сондықтан әркім кішкентай болса да, жақсылық жасаса қоғам үшін оның маңызы зор, - деді Юрий Безбородов.
Астанада волонтерлік қозғалыс жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы» КММ, волонтёрлар қозғалысын дамыту бөлімінің маманы, волонтёр Айзат Әлидің айтуынша, қазір елордада 50 мыңға жуық ерікті бар. Олар ауқымды шаралар мен түрлі әлеуметтік акциялар өткізуге белсене қатысып жүр. Волонтерлік ұйымдарымен бірлесіп «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» және т.б. жобалар жүзеге асты.
Астана жастары» ЖРО базасында төртінші жыл қатарынан Волонтерлер жылы және 2021-2023 жылдары волонтерлікті дамытудың Жол картасын орындау шеңберінде қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Штаб волонтерлік ұйымдар мен қозғалыстарды шоғырландыруды ұйымдастыру, ақпараттық және ресурстық көмек көрсету, қалада іс-шараларды есепке алуды жүргізу, күш-жігерді біріктіру, дербес қозғалыстар санын ұлғайту үшін құрылды. Тұрақты негізде 30 волонтерлік ұйыммен және 20 бастамашыл топпен, 4 ҮЕҰ-мен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру саласында, кәсіпорындар мен қала меценаттарымен ынтымақтастық және бірлескен қызмет жүргізіледі, - деді Айзат Әли.
Еріктілер мемлекеттің, қоғамның дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген елеуші күш. Сөзбен емес, нақты іспен жүр осыны дәлелдеп жүр. Басқалардың игілігі үшін жасалған ісіміз, шағын қадамымыз үлкен өзгерістерге алып келеді деп біледі. Ерікті болу ерлік емес, ол біздің өмір салтымыз, азаматтық парызымыз дейді олар.