Қарағандыда пластик бөтелке ұстап, жол қозғалысын реттеген ер адамға жұрт сүйсінді (ВИДЕО)
Қарағандыда көше қиылысында пластик бөтелке ұстап, жол қозғалысын реттеген ер адам видеоға түсіп қалған, деп хабарлады Elorda.info Ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап.
Қарағандылық көлік жүргізушілері бүгін таңертең жолдың ең көп жүретін бөлігінде күтпеген мәселеге тап болды. Қала орталығында Нұркен Әбдіров даңғылы мен Гоголь көшесі қиылысында бағдаршам жұмыс істемей тұрған. Бағдаршамсыз қарбалас уақытта жүргізушілердің өтуі қиынға соқты.
Бұл кезде жол полицейлері болмағандықтан, бұл мәселені қарағандылық тұрғын шешкен.
Ер адам қиылыстың қақ ортасында тұрып, пластик бөтелкемен көлік қозғалысын реттей бастаған. Көлік жүргізушілері бұл процесті видеоға түсіріп, ер адамды тапқырлығы үшін мақтады.
Қарбалас уақыт, таңғы тоғыз, бәрі кешігіп жатыр. Міне, біздің заманның қаһарманы, - дейді көлік жүргізушілері.
Қарағанды қаласы әкімдігінің коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі бағдаршамда техникалық ақау болғанын хабарлады. Қазір оқиға орнында жөндеу тобы жұмыс істеп жатыр.