00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қандас мәртебесін ұзарту тәртібі жеңілдейді

6 қараша, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қандас мәртебесін ұзарту тәртібі жеңілдейді
Фото-коллаж: Elorda.info

Қазақстанда қандас мәртебесін алған этникалық қазақтар үшін бұл мәртебенің уақытын ұзарту тәртібі жеңілдетіледі, деп хабарлады Elorda.info

 Бұған дейін бұл мәселені арнайы комиссия қарайтын болса, енді шешімді жергілікті атқарушы органның өзі қабылдай алады. Бұл туралы Ашық НҚА порталындағы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құжат жобасынан белгілі болды.

Жаңа тәртіп бойынша, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган ұсынылған құжаттар негізінде өтініш келіп түскен күннен кейін қандас мәртебесін бір айдан аспайтын мерзімге бір мәрте ұзарту туралы шешім қабылдайды.

Министрліктің түсіндіруінше, қандас мәртебесін беру кезінде этникалық қазақтардың құжаттары мұқият зерттелетіндіктен, оны мәртебені ұзарту кезінде қайтадан зерделеудің қажеті жоқ. Соған орай, жергілікті атқарушы орган бұрын өткізілген құжаттардың негізінде шешім қабылдай алады.

Жалпы, қандас мәртебесін ұзарту туралы шешім этникалық қазақтардың Қазақстан азаматтығын алуы үшін тек 6 ай мерзімге дейінгі уақытқа қабылданады.

Сондай-ақ, қандас мәртебесін беру үшін құрылатын комиссия құрамында да өзгеріс бар. Енді комиссия құрамына жергілікті мәслихат депутаттары мүше болмайды. Бұл комиссияның жазғы уақытта да жұмыс істейтінімен байланысты. Ал жазғы уақытта мәслихат депутаттары каникулғы шығуына байланысты комиссия жұмысына тұрақты қатыса алмайды.

Құжат жобасын жария талқылау 17 қарашаға дейін жалғасады.