Елімізде мүгедектігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралдарының парктері ашылады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мен «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының төрағасы Болат Жәмішев Қазақстан өңірлерінде мүгедектігі бар балаларға арналған техникалық оңалту құралдары парктерін ашу мәселелерін талқылады, деп хабарлады Elorda.info.
Кеңеске Денсаулық сақтау вице-министрі Бейбіт Есенбаев, ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Анархан Дүйсенова, «Қамқорлық қоры» корпоративтік қоры директорының орынбасары Гүлмира Әбілдинова және басқалар қатысты.
Келіссөздер барысында Тамара Дүйсенова мүгедектігі бар балаларға оңалту құралдарының заманауи және күрделі түрлерін уақытша пайдалану мүмкіндігін беру үшін техникалық оңалту құралдары парктерін ашудың маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 104,3 мың мүгедек бала тұрады, оның ішінде 7 жасқа дейінгі 33,7 мың бала, бірінші топтағы мүгедектігі бар 11,1 мың бала және 7 жастан 18 жасқа дейінгі екінші топтағы мүгедектігі бар 22,7 мың бала. Бұл балаларға 27 медициналық-әлеуметтік мекемеде оңалту қызметтері ұсынылады. ОТҚ парктерін құру оңалту құралдарының заманауи, қымбат түрлеріне қолжетімділікті кеңейтуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті министр.
Өз кезегінде Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қоры ОТҚ парктерін жарақтандыру үшін қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.
Талқылау нәтижесінде тараптар 2023 жылы аталған парктерді құру бойынша пилоттық жобаны іске асыру қажеттігі туралы шешім қабылдады. Жобаны пысықтау үшін бірлескен жұмыс тобы құрылып, ЕХӘҚМ егжей-тегжейлі жол картасы мен қажетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлейтін болады. Жақын арада пилоттық жобаның операторын және қолайлы алаңдардың болуын ескере отырып, оны іске асыру үшін өңірлерді анықтау жоспарлануда. Пилоттық жоба шеңберінде мамандарды ОТҚ қажеттіліктерін бағалауды және дұрыс іріктеуді жүргізудің қазіргі заманғы халықаралық қағидаттарына оқыту ұйымдастырылатын болады.