00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың 54%-ы – ерлер

31 наурыз, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың 54%-ы – ерлер
ашық дереккөз

2022 жылдың үшінші тоқсанында 16-64 жас аралығындағы интернетті пайдаланушы әрбір адам әлеуметтік желіде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут жұмсаған. Бұл 2021 жылдағы көрсеткіштен 1 минутқа көп. Ал, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың 54%-ы ерлер, деп хабарлады Elorda.info Ranking.kz сайтына сілтеме жасап. 

Танымал желілер тізімі 

Халық арасында кең тараған ең алғашқы әлеуметтік желі — Classmates.com 1995 жылы пайда болды. Әлеуметтік желіні іске қосудың серпінді кезеңі 2003-2004 жылдар деп есептеледі (LinkedIn, MySpace және Facebook пайда болған уақыт). 

Орыс тілді сегментте негізгі әлеуметтік желілер — Одноклассники және ВКонтакте 2006 жылдан бері танымал бола бастады. 

Facebook — 2,9 млрд қолданушысы бар әлемдегі ең танымал әлеуметтік желі. Одан кейін 2,5 млрд және 2 млрд қолданушылары бар Youtube және WhatsApp. Үздік бестікке Instagram (1,4 млрд пайдаланушы) және WeChat (1,3 млрд пайдаланушы) кірді. Сондай-ақ, TikTok, Facebook Messenger, Telegram, қытайлық Douyin, Kuaishou, Sina Weibo және басқалары ең танымалдардың тізімінде. 

Сонымен қатар, ең сүйікті желі ретінде қолданушылар Марк Цукерберг пен оның командасының Meta-ға қарасты WhatsApp желісін таңдады – 16,1%. Екінші орында Facebook әлеуметтік желісі – 14,6%, ал тағы бір Meta өнімі Instagram үшінші орында, ол Facebook желісінен небәрі 0,1 пайыз ұтылды (14,5%). 

Пайдаланушылар саны 

Datareportal.com мәліметінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында әлемде әлеуметтік желі қолданушылардың саны 4,74 млрд болды, бұл тоқсанда – 0,7% және бір жыл ішінде 4,2% өскен. Бұл – жер бетіндегі барлық адамдардың 59,3%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланушылар деген сөз. Ал егер, 13 және одан жоғары жастағы адамдарды есептесек, онда тіпті – 75,9%, яғни төрттен үш бөлігі болады. 

Тағы бір дерек: интернеті бар адамдардың 93,4%-ы әлеуметтік желілерді пайдаланады. Негізінде, бұл дегеніміз, егер пайдаланушыда интернет болса, демек оның әлеуметтік желіде де аккаунты бар деген сөз.  Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың басым бөлігі ерлер – 54%, қалғаны әйелдер. 

Желіде көп отыратындар 

2022 жылдың үшінші тоқсанында 16-64 жас аралығындағы интернетті пайдаланатын әрбір адам әлеуметтік желіде күніне орта есеппен 2 сағат 28 минут жұмсады (бір жыл бұрынғыдан 1 минут көп). 

Әлеуметтік желіде ең көп отыратындар нигериялықтар: күніне 4 сағат 20 минут. Одан кейінгі орында Бразилия мен Оңтүстік Африка – 3 сағат 44 минут, Филиппин – 3 сағат 42 минут, Колумбия – 3 сағат 35 минут. Жапония әлеуметтік желілерде ең аз уақыт өткізеді (тәулігіне 49 минут), одан кейін Оңтүстік Корея (1 сағат 11 минут) және Австрия (1 сағат 30 минут). 

Айта кетсек, Youtube көшбасшы – айына орта есеппен 23,4 сағат. Пайдаланушылар айына TikTok-та 22,9 сағат, Facebook-те 19,7 сағат, WhatsApp-та 17,3 сағат, Instagram-да 11,7 сағат, Line-де 11 сағат, Twitter-де 5,5 сағат, ал Telegram-да 4 сағат, Facebook Messenger мен Snapchat-та 3,1 сағат жұмсайды. 

Адамдардың көпшілігі отбасымен және достарымен хабарласу үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады (47%). Ал, 35,4%-ы бос уақытын өткізгісі келсе, 34,6%-ы жаңалық пен оқиғаларды оқиды, 30%-ы белгілі бір мазмұнды іздейді, 28,7%-ы әлемде не болып жатқанын түсінуге тырысады. Пайдаланушылардың тағы 27%-ы әлденені іске асыру немесе алу үшін әлеуметтік желілерден шабыт пен жаңа идея іздейді, 26,2%-ы әртүрлі тауарларды қарайды және сатып алады.