Ауыл – ел бесігі»: елімізде жоба басталғалы 30 мың жұмыс орны құрылды
Былтыр 577 ауылдық елді мекенде 1 мыңнан астам жобаны іске асыруға 128 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.
Ұлттық экономика министрі кіріспе сөзінде жоба мақсатын орындау үшін 2019-2022 жылдары 3,7 мың жоба іске асырылғанын атап өтті.
Елімізде 6 293 ауылдық елді мекенде 7,8 млн жуық адам тұрады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін ауыл тұрғындарының 90 пайызы тұратын 3,5 мың ауылдық мекен іріктеліп алынды. 2019-2022 жылдары республикалық бюджеттен 326 млрд теңге бөлініп, 3,7 мың жоба іске асырылды. Атап айтқанда, 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектілері және 2,2 мың көлік инфрақұрылымы объектілерін жаңадан салуға және жөндеуге мүмкіндік берді, шамамен 30 мың жұмыс орны құрылды, – деді Әлібек Қуантыров.
Министр сөзінше, 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыс әкімдіктері бөлінген қаражаттың 94 пайызын игерген.