Келесі жылы ветеринарлардың жалақысы кезең-кезеңімен өседі
Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылды, деп хабарлады Elorda.info «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі 55 іс-шарадан тұратын Ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын бекітті. Онда осы сауалда көтерілген ұсыныстар мен саланың проблемалы мәселелері де қамтылған. Осылайша жоспар аясында 2023 жылдан бастап ветеринария қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен өсіру көзделген.
Бұдан басқа, Үкімет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» Заңды іске асыру ауқымында I және (немесе) II патогенді топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық қызмет саласындағы қызметкерлердің жалақысын ұлғайту бөлігінде «Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулы жобасын қарап жатыр, - деді Үкімет басшысы жауабында.
Сонымен қатар ол ветеринария мамандарын азаматтық қызметшілер санатына қосуға қатысты да жауап беріп, мемлекеттік ветеринария ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындар нысанында да, мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында да жұмыс істейтінін айтқан. Оның атап өтуінше, заңнамаға сәйкес, мемлекеттік ветеринария ұйымдарының ветеринария дәрігерлері жергілікті атқарушы органдар ұйымды мемлекеттік-коммуналдық мекемелер нысанында құрған жағдайда азаматтық қызметшілер санатына жатқызылуы мүмкін.
Бүгінгі таңда ветеринария саласындағы уәкілетті органға ветеринария дәрігеріне жүктеме нормативінің үлгілік қағидаларын әзірлеу және бекіту құзыретін беру мәселесі пысықталуда, - деді Әлихан Смайылов.