00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астаналық кәсіпкерлерге көше саудасы үшін 596 жер учаскесі берілді

31 наурыз, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
Астаналық кәсіпкерлерге көше саудасы үшін 596 жер учаскесі берілді
ашық дереккөз

Бұл туралы елорда маслихатында өткен тұрақты комиссия отырысында «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Еркеғали Әлімқұлов мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.

1000 орын – көше саудасы» бағдарламасы 2016 жылы қабылданды. Оның операторы болып «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бекітілді. Бағдарлама аясында 2017 жылдың наурыз айынан бастап жер учаскелерін жалға беру туралы 831 шарт жасалды. Атап айтсақ, 2017 жылы – 438, 2018 жылы – 178, 2019 жылы – 116, 2020 жылы – 67, 2021 жылы – 32 учаске жалға берілді, - деді Еркеғали Әлімқұлов.

Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бизнес өкілдеріне берілген 596 жер учаскесі бойынша қосалқы жалдау шартын жасасқан. Көбіне бұл орындарда көкөніс, жеміс-жидек және басқа да азық-түліктер сатылады. Сонымен қатар жалға алынған учаскелерде тез тамақтану пунктері де ұйымдастырылған.

Еркеғали Әлімқұлов кәсіпкерлер жалға алған учаскелерде орнатылған павильондар оларға ұсынылған объектілердің эскиздеріне сәйкес келмейтінін атап өтті. Сауда орындарын «Astana» ӘКК дайындаған эскиздер бойынша салуға 5 миллионнан 15 млн теңгеге дейін қаражат қажет. Е.Әлімқұловтың ойынша, бұған көбінің жағдайы жете бермейді.

Бұған дейін көше саудасы мәселесі Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасында Астана қаласының сауда саласын дамыту мәселелері бойынша өткен кеңесте де кеңінен талқыланған болатын. Әсіресе, көше саудасының түйткілді мәселелерін Қазақстанның сауда кәсіпорындары қауымдастығының төрағасы Жібек Әжібаева талдап, сараптама жасады. Ал өз кезегінде басқарма басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев елордада көше саудасын одан әрі дамытудың белгілі тетіктерін ұсынды. Кездесу нәтижесінде алдағы уақытта бірлескен ынтымақтастық пен ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. 

Бүгінде Елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын немесе орта кәсіпкерлік субъектісі болып табылады. Әртүрлі саладағы кәсіп иелерінің қолын ұзартқан сондай шараның бірі деп елорда әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «1000 орын – көше саудасы» жобасын айтуға болады. Көше саудасын тиімді ұйымдастыру Астанадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп жоспарланған 1000 орынның көбі – жылжымалы дүңгіршектер. Бұлардың ішінде қос доңғалақты мобильді пункттер де бар. Мұндай дүңгіршектер кәдімгі арба сияқты қозғалып, көшіп-қонуы жеңіл болады. Бұлар көп орын да алмайды, сатушылар бар болғаны 1 шаршы метр жерде саудасын жүргізе береді. Мобильді кофейня, жылжымалы автосервис, нан және жеміс-жидек дүңгіршіктері, гүл және кәдесый дүкендері, сондай-ақ, стрит-фуд жүйелерінен тұратын бұл сауда нүктелері қаланың сәулет келбетіне, барлық санитарлық және өртке қарсы талаптарға толықтай жауап беретінін айтады басқарма өкілдері.