Асырап алған ұлын бірнеше жыл гаражда қамап ұстаған әйел анықталды
Теміртаулық әйел асырап алған баласын жылдар бойы гаражда қамап ұстаған. Адам көрмегендіктен кәмелетке толмаған ұл баланың дамуы тежелген. Қазіргі таңда әйелге қатысты екі бірдей қылмыстық қылмыстық іс тергеліп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.
Баланы кездейсоқ біреулер байқап қалып, полицияға хабарлаған. Соның арқасында ғана ол гараждағы қапастан құтқарылыпты. Куәгердің айтуынша, жасөспірім сөйлемейді, жаза алмайды және оқи алмайды, дамудан артта қалған.
Жас бала патронаттық тәрбиеде өсіп, мектепке бармайды. Тіпті оның құжаттары болмауы да мүмкін.
Полицияның хабарлауынша, жеткіншектің қанша жыл қамауда отырғаны, әйелдің қай кезде асырап алғаны белгісіз. Ресми емес деректерге сүйенсек, ол әйелдің сіңлісінің ұлы болуы мүмкін. Бірақ туған ата-анасының қайда екені белгісіз.
Әйел оны қамап қойып жәрдемақысын өзі алып отырған. Баланың жағдайын ешкім тексермеген. Бұған қатысты білім басқармасы мен білім бөлімі , сондай- ақ қамқорлық бөлімдері қандай бір ақпарат беруден бас тартты. Олар баланың заңды өкілдері табылмайынша, қандай бір дерек бермейміз деп отыр.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 126 бабы, яғни «заңсыз бас бостандығынан айыру» және 141 бабы «балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау » баптарына сәйкес қылмыстық істер тіркелді. Оқиғаның барлық қатысушыларынан жауаптар алынды. Тиісті сараптамалар алынды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияров.