Қиындыққа ұшыраған жұртты кері тебуге болмайды – жазушы
Жазушы Бейбіт Қойшыбаев елге келіп жатқан ресейліктердің ауыртпашылық өткен соң еліне қайта оралатынын айтады, деп хабарлады Elorda.info.
Қазіргі уақытта ресейліктердің елімізге көптеп келіп жатқаны рас. Бірақ, бұл нәрседен саяси астар іздеп, қауіп күтудің қажеті жоқ сияқты. Өйткені бізге келгендер белгілі бір уақыттан кейін қауіп сейіліп, ауыртпашылық өткеннен соң еліне қайта оралады. Бұл – айдан анық дүние. Сондықтан, басына іс түскен ресейліктерді уақытша болса да қолдап, көмек көрсеткен абзал. Қамқорлық қолыңда барыңның бәрін түгел беру деген сөз емес, мүмкіндігінше демеу білдіріп, қауіпсіздігін қамтамасыз етсе жеткілікті. Оның үстіне, әуелден құдай қосқан көрші мемлекет. Талай ғасырдан бері билігі мен қоғамы, мәдениеті һәм тұрмысы, барлық саласы тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ықылым заманнан қонақжай халық екеніміз рас. Бұл үрдісті аяқ асты бұзып, баба жолынан аттап, қиындыққа ұшыраған жұртты кері тебуге болмайтыны белгілі. Сондықтан уақытша қамқорлық көрсете тұрғанда дәнеңе жоқ. Бейбітшілік пен тұрақтылық үшін осыдан басқа жол бар деп ойламаймын. Халықтардың ауызбіршілікте болғаны аса маңызды. Еліміздің бір азаматы ретінде айтарым – осы, – дейді жазушы.