«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығын алуға байқау басталды
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Жыл волонтёрі» халықаралық сыйлығын алуға конкурс басталғанын мәлім етті, деп хабарлады Elorda.info.
Бұл жоба Мемлекет басшысының идеясымен 2020 жылы өмірге келген еді.
Сыйлық волонтерлік қозғалысты дамытуға және қолдауға, сондай-ақ, әлеуметтік және қоғамдық пайдалы міндеттерді шешуге елеулі үлес қосқан отандық және халықаралық волонтерлер мен волонтерлік топтарды, волонтерлік ұйымдарды көтермелеуге және ынталандыруға бағытталған.
Конкурсқа қатысу үшін qazvolunteer.kz интернет-платформасында волонтерлік қызмет бойынша өтінім беріп, қосымша деректерді толтыру қажет.
Өтінім қабылдау 2022 жылдың 1 қазанында басталып, 20 қазанға дейін жалғасады.
Байқау екі кезеңде өтеді:
Бірінші кезең – qazvolunteer.kz интернет-платформасында ашық онлайн-дауыс беру;
Екінші кезең – әр номинация бойынша жоғары дауыс жинаған 10 үміткерді Конкурстық комиссияның бағалауы.
Нәтижесінде төменде көрсетілген номинациялардың әрқайсысы бойынша үш үміткер жеңімпаз деп танылады:
- «Үздік волонтерлік ұйым»;
- «Корпоративтік волонтерлік көшбасшысы»;
- «Тұрақты даму мақсаттарының көшбасшылары»;
- «Үздік әлеуметтік көмекші»;
- «Төтенше жағдайларды жоюға белсенді қатысқаны үшін»;
- «Хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге белсенді қатысқаны үшін»;
- «Құқық бұзушылық құрбандарына көмек көрсетуге белсенді қатысқаны үшін»;
- «Денсаулық сақтауды дамытуға белсенді қатысқаны үшін»;
- «Салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысқаны үшін»;
- «Білімді дәріптеуге қосқан үлесі үшін»;
- «Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін»;
- «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін»;
- «Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін»;
- «Зоологиялық қорғау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін»;
- «Әлеуметтік міндеттерді шешуге қосқан үлесі үшін».
Жеңімпаздар 5 желтоқсанда Халықаралық волонтёр күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиында марапатталады.
Қосымша сұрақтар бойынша АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитеті Қайырымдылық және волонтерлік мәселелері жөніндегі басқармасының мамандарына 87172 741286 және 87172 741074 номерлері арқылы хабарласуға болады.