Елімізде балалар төлқұжатына арналған баж салығы екі есе төмендейді
Балалар төлқұжатына арналған баж салығын 2 есе төмендету ұсынылып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында салық мәселесіне арналған заң жобасын талқылау кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Тіркеу функциясын «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына тапсыруды ескере отырып, азаматтық хал актілерін тіркеу үшін төлемдерді алып тастау ұсынылады. Бұдан бөлек, төлқұжаттағы парақ санына қарай Қазақстан азаматының паспортын беру үшін мемлекеттік баждың сараланған мөлшерлемелері, сондай-ақ балалар үшін мемлекеттік бажды 2 есеге төмендету ұсынылады, - деді Ә. Қуантыров.
Сонымен қатар, чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотека несиесі бойынша берешекті есептен шығару, жалдау құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салық тәуекелдері алынып тасталады.