«Терроризм туралы жалған хабарлама көбейіп кетті»: Бас прокуратура үндеу жасады
Әдетте, оқу орындары, сауда орталықтары, әуежай, вокзал және адамдар көп жиналатын басқа жерлерде жарылғыш заттар туралы хабарлап жатады. Осы фактілерді тексеру бойынша шаралары көп уақыт пен ресурсты қажет етеді. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, жедел жәрдем бригадалары, жедел-тергеу топтары шығады. Сол кезде шұғыл қызметтер шынымен қауіп төніп тұрған немесе шұғыл көмекке мұқтаж адамдарды құтқару бойынша нақты міндеттерден алшақтайды, - дейді Шындалиев.
Оған қоса, жалған ақпарат кесірінен кәсіпорындардың қалыпты жұмыс режимі бұзылады. Ал эвакуация кезінде адамдар дүрбелеңге салынып, қайғылы жағдай болуы мүмкін. Соңғы кезде терроризм актілері туралы жалған хабарлама көбейіп кетті.
Мәселен, 2022 жылы 26 сәуірде салынған жарылғыш құрылғылар туралы хабарламалар елорда және басқа қалалардағы ондаған оқу орнының электронды мекенжайларына түсті. Олардың барлығы тексеріліп, расталмаған. Бұл уақытта оқу процесі бұзылып, жүздеген оқушы мен оқытушы эвакуацияланды. Қылмыскерлерді іздеу жүріп жатыр, - деп атап көрсетті Шындалиев.
Бұған дейін 31 наурызда елордалық әуежайдың электронды мекен жайына бомба салынғаны туралы хат келген. Осы мекенжайдан елордалық «Абу Даби Плаза», «Хан Шатыр», «Мега Силквей» сауда ойын-сауық орталықтарын және өзге нысандарды «миналау» туралы тағы алты хабарлама жолданған. Сол кезде 3 мыңға жуық адам эвакуацияланды. Бірақ жарылғыш құрылғылар да табылған жоқ. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті ұсталды.
Ол өз кінәсін мойындап, соттың санкциясымен қамауға алынды. Ондай әрекет Қылмыстық кодекстің 273-бабы («терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») бойынша тергеледі. Кінәлі адам 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Ресми мәліметке сәйкес, 2016 жылдан бастап соттар терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқан 236 тұлғаны соттады. Олардың ішінде 147 адам бас бостандығынан айырылды. Шұғыл қызметтерге келген материалдық шығын кінәлі адамдардан өндірілді.
Қылмыстық істерді тергеу тәжірибесі қылмыс ізін жасыру үшін кейбір жағдайларда жалған хабарламалар шетелдегі электрондық пошталар мен серверлерден жіберілетінін көрсетті. Мақсаты – елдегі жағдайды тұрақсыздандыру және халықты қорқыту. Бас прокуратура азаматтарды, бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді пайдаланушыларды қырағы болуға шақырады, - дейді Бас прокурордың орынбасары.
Терроризм актілері туралы жалған хабарламалар таратпау керектігін ескертті. Олардың авторларына жәрдем көрсетпеу қажет.