00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Көктемгі көрініс: Ботаникалық саябақ елорданың керемет демалыс орнына айналды

Көктемгі көрініс: Ботаникалық саябақ елорданың керемет демалыс орнына айналды
ашық дереккөз

Балаларымыз мектепте оқиды. Бүгін бірінші рет ұйымдасып, бір сыныпта оқитын балаларымызды саябаққа әкелдік. Бірге ойнап, бір-бірімен жақсы достық қарым-қатынаста болса екен дейміз. Өздері осындай таза ауада емін-еркін, алаңсыз ойнағанды жақсы көреді, – дейді Айгүл есімді ана.

Саябаққа келген тұрғындар спортпен айналысқанды ұнатады. Бірі жүгіріп жүрсе, енді бірінің велосипед теуіп жүргенін байқауға болады.

Ботаникалық саябақта 2020 жылдан бастап арасында өзім, кейде әріптестеріммен чэллендж ұйымдастырып, тұрақты түрде жүгіреміз. Ол жақта өте қолайлы, арнайы жүгіруге арналған жолдары бар. Онымен қоса өзің секілді саламатты өмір салтын ұстануға тырысып жүрген жандарды көргенде, шабыт одан сайын арта түседі. Ол бір ерекше сезім, – дейді қала тұрғыны Анар Иманбаева.

Ал Жәния есімді елорда тұрғыны осындай саябақтар мен аллеялар көбірек болуын қалайды. Өйткені қалалық жерде көлік көп болғандықтан, балалар үшін қауіпті, сондықтан қыдыратын осындай саябақтар ыңғайлы.

Нұр-Сұлтанға көшіп келгенімізге 6 айдан асты. Жолдасым да, өзім де әскери салада қызмет етеміз. Бірақ қазір декреттік демалысыма байланысты үйдемін. Екі баламды осында демалуға әкеліп тұрамын. Меніңше, үй сала бергенше осындай саябақтар көбірек салса деген тілегім бар, - дейді жас ана.

Қала тұрғыны Лаураның айтуынша, Ботаникалық саябақ – балалар ойнайтын ең қауіпсіз жер. Ауыл-аймақтан туған-туыстар келгенде осында әкеледі.

Балаларыммен күнде келіп, 2-3 сағат серуендейміз. Үйіміз де осы маңда. Самокат және велосипедпен ұлдарымды алып келемін. Айналада жүрген көлік жоқ, қорықпайсың. Басқа жақтағылар көлік немесе автобуспен арнайы келеді. Біздің үйіміз жақын болғаны жақсы болды. Бұл жердің кешкі уақытта ауасы жақсы болады. Жазды күндері маса көп. Дегенмен бұл жердің ауасы өте таза. Басқа жаққа барғанша осы жерде демалғанды жөн көреміз. Қазір күн салқын болып тұр. Ыстық күндері адамдар төсеніш төсеп алып, демалады немесе кітап оқиды. Осындай демалатын, жанға жайлы саябақтар бары қуантады. Қала басшылығына алғысымызды білдіреміз, - дейді Лаура.

Ал елордалық тұрғын Хулимад апай болса, немересімен осында үнемі қыдырады. Күнде немересі балабақшадан шыққан соң осында қыдыртады. 

Жаз мезгілі жақындап қалды. Енді жиі келетін боламыз. Немеремді балабақшадан әкеліп, осында қыдыртамын. Ботаникалық бақ өте жақсы, былтыр жазда таңертеңнен кешке дейін күніміз осында өтетін. Мұнда тамақтанатын орын да қарастырылған.  Ауа райы да керемет. Елордада 20 жылдан бері тұрамыз. Ботаникалық бақ ашылған кезде бәріміз риза болдық. Әсіресе, балалар үшін қуандым, - дейді Хулимад апай. 

Елордалық Айбаттың сөзінше, саябақтың аумағы спортпен айналысуға ыңғайлы және барлық жағдай қарастырылған.

Отбасыммен 7 жылдан бері астанада тұрамыз. Күнде жұмыстан кейін ұлымды ертіп, екеуміз спортпен шұғылданамыз. Онымен сырласып, ойларын тыңдаймын.  Балаларға көп көңіл бөлу қажет деп ойлаймын. Оның үстіне Ботаникалық саябаққа келгенде керемет көңіл-күйге бөленемін. Ерекше ойлар келіп, өзіме шабыт аламын. Күн жылынғанда жиі келуге тырысамыз, – дейді ол.

Айта кетейік, Ботаникалық саябақ – Қабанбай батыр даңғылы, Түркістан көшесі, №24, №26 көшелерінің бойында орналасқан. Жалпы аумағы 92 гектарды алып жатыр. Ботаникалық бақ парк пен ботаникалық аймаққа бөлінеді. Ішкі бөлігі биологиялық ғылыми жұмыстар жүргізуге, сырты спорттық-сауықтыру шараларына бағытталып отыр. Онда саябақ зонасы, спорттық және балалар алаңдары, вело және жүгіруге арналған жолдар әрі фонтандары бар жасанды су тоғаны орналасқан. Сондай-ақ сирек кездесетін және құрып кету қаупі бар өсімдік түрлері де көп.