Әріптесіміз Төлен Тілеубайдың зерттеу кітабы жарық көрді
Автор өз еңбегінде қазіргі таңдағы масс-медиа саласындағы құбылыстарға жан-жақты талдау жасап, заманауи цифрлық технологиялардың ақпараттық коммуникацияларға әкелген өзгерістерді жіті зерттеген. Қазақ баспасөзінің бүгінгі жай-күйі мен даму үрдісін де ғылыми тұрғыда дәйектеп, ашып көрсеткен. Цифрлық технологиялар ақпарат кеңістігіне жедел еніп жатқан кезеңдегі медианың дамуының бағыт-бағдары, негізгі үрдістеріне үңіліп, сондай-ақ БАҚ-тың классикалық моделі дағдарысының әлемдік тәжірибесінен көптеген дәйекті мысал келтірген.
Оқулық-кітаптың алғысөзін жазған белгілі профессор, Қазақстан Жоғары мектебі ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбайдың пікірінше, бұл оқулықты университеттерде журналистика факультеттерінің студенттері мен магистранттары үшін «Заманауи цифрлық технологиялар», «Блог саласының дамуы», «Қазіргі заманғы журналистиканың жаңа жанрлары және оның қызметі» атты дәріс сабақтарында, жаңа медианың пайда болуы туралы семинар-тренингтерде пайдалануға болады.