«Басшыдан өлердей қорқамыз»: Түркістан облысында мұғалімдер арасында шу шықты
Тіпті жиналыста аяғы ауыр мұғалімді ұрып, түсік тастатыпты-мыс. Бірақ таяқ жегенін жазып ұжым болып шағымданғанымен, Шардара ауданында оған тұсау жоқ көрінеді.
Шардара ауданындағы Көксу ауылында жалғыз мектеп бар. Мұғалімдердің көпшілігі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарына шағымданған. Райгүл Мұсалиева қыркүйекте директор кабинетіндегі жиналыста көптің көзінше жүкті әйелді соққыға жыққан. Содан «түсік тастадым» деген Сандуғаш Жақыпова болған оқиғаны кабинетте көрсетіп берді.
Мына жерде отырғанмын итеріп жіберді, тапталып қалдым, шашымнан жұлып, басымнан ұрды. Ол екі ортада былапыт сөздер айтты. «Аузың – әжетхана, сұрқия, бетбақсың сен, мектепті 3-ке бітіргенсің, жезөкшесің» деген әңгіме айтты, – мұғалім Сандуғаш Жақыпова.
Ұстасқан ұстаздарды ер мұғалімдер әзер ажыратып алған. Осыдан кейін «өзіңді үйіңмен қоса өртеймін» деп доқ көрсетіпті. «Осыған дейін үндемедік» деген ұжым ақырында директор орынбасарына қарсылық білдіріпті. Себебі жұмысқа туған-туыстарын тартқыш деген Райгүл Мұсалиева мектеп ісінен бастап, отбасымыздағы тірлікке дейін араласады әрі қорқытады дейді.
Сағат бөлуге осы кісі араласып, барлығын өзі шешкісі келеді, араласпайтын ісі жоқ. Отбасымызға да араласады. Дәл осы жағдайда біздің құрбымыз болғандықтан, көршіміз болғандықтан, «ол кісімен араласпайсыңдар, аралассаңдар, бүкіл жамандықты көретін боласың» деді, – дейді мұғалім Бибігүл Исаева.
Ал Райгүл Мұсалиева мұның бәрі «жала» дейді. Алғашында «мүлдем төбелеспедім» деген директор орынбасары кейіннен «ұрғаным рас, бірақ түсік тастауына қатысым жоқ» дейді. Ол туралы сараптаманың қағазы да бар екен. «Ұжымдағы былықты ашық айтатын тік мінезім үшін қолдан жасалып жатқан жала» - дейді.
Менің бұл жерде мектептегі сыбайлас жемқорлықты, орынсыз әрекеттерді айтқаным үшін жақпадым, әңгіменің ашығы сол. Бұл жерде, мысалға, менің негізсіз ұстайтын бір күндік, екі күндік деген қаржылар. Мектептің жөндеу жұмысы, содан кейін вакансия жоқ, адам қабылдайды мектепке. Мен соны айтам, – дейді Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Райгүл Мұсағалиева.
Қазір мектептегі 100-ге тарта мұғалім директор орынбасарын қызметінен алу туралы облыстағы Білім басқармасына шағым дайындап жатыр. Шардара білім бөлімі мектеп мұғалімі басшысына қатысты қорлау дерегімен сотқа бергенін, сондықтан әзірге ештеңе айта алмайтын жеткізді.
Ұжымның пікірінше, жұдырығы жуан басшыдан құтқаратын шенеунік Шардара көлемінде жоқ көрінеді. Себебі, Сандуғаш Жақыповадан бөлек өзге мұғалімді де ұрғаны үшін директор орынбасары 60 мыңнан сәл астам айыппұлмен құтылған. Райгүл Мұсалиева да өз кезегінде ұжымын «директормен бірге тексерсін» деп құзырлы орындарға шағымданбақ.