Тәртіпсіздікке 50 мыңнан аса адам қатысқан: Бас прокуратура

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Тәртіпсіздікке 50 мыңнан аса адам қатысқан: Бас прокуратура
ашық дереккөз

Брифинг барысында оқиғалар хронологиясы және құқық бұзушылықтарды тергеу туралы деректер жарияланып, халыққа құқықтық, медициналық және психологиялық көмек көрсету бойынша ақпарат берілді. 

ҚР БП қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаевтың ақпараты бойынша, 1 қаңтарда Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында сағат 17:20-да қала әкімдігінің жанында адамдар жинала бастаған. Адамдар сұйылтылған газ бағасын төмендету талабымен ел басшылығының атына бейне өтініш жазып алып, сол күні сағат 18:00-де тараған.

2 қаңтарда наразылық білдірушілер саны жүздеген адамға дейін артты, ал акцияға қатысушылар ішкі жолдарды жауып тастады. Бұл ретте құқық қорғау органдары күштер мен құралдарды қолданбаған.

3 қаңтарда наразылық акциялары басқа қалалар мен аймақтарда басталды. Осы күні Маңғыстау облысының тұрғындарын қолдау мақсатында еліміздің басқа жеті өңірінде (Атырау, Ақтөбе, Алматы облыстары, БҚО, Нұр-Сұлтан, Алматы және ШҚО) бейбіт митингілер басталды.

4 қаңтарда митингілер жалғасып, өңірлер саны 11-ге жетті, адамдар рұқсатсыз жаппай жинала бастады.

Қатысушылар саны 37 мың адамға (Алматы, Нұр-Cұлтан, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары) дейін күрт артты. Алматы мен Шымкентте қарулы шабуылдар мен бүліктер басталды. 
Айта кетейік, сол күннен бастап құқық қорғау органдары қызметкерлерге және әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарға тойтарыс беру үшін өлімге әкелмейтін арнайы құралдарды қолдана бастады.

5 қаңтарда тәртіпсіздіктер елдің 11 өңірінде жалғасты. Қатысушылар саны 50 мыңға жетті, қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні террористер Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын және "Алматы" халықаралық әуежайын басып алды. 

Қызылордада шабуылдаушылар 9 автокөлікті өртеп жіберді, Талдықорғанда облыс әкімдігі, полиция және ҰҚКД ғимараттарын басып алды.

Сондай-ақ, БП өкілі террористердің іс-қимылын үйлестіруді және байланыс құралдарын пайдалануын болдырмау мақсатында интернетке кіру шектелгенін айтты. 

6 қаңтарда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімімен елде антитеррористік операция өткізілетіні жарияланды. Осы күннен бастап құқық қорғау органдары мен Қарулы күштер террористерді жою үшін қару қолдана бастады.

7 қаңтарда бейбіт наразылық шаралары бірнеше өңірде (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында) жалғасты. 

8 қаңтарда жағдай біртіндеп тұрақтана бастады, азаматтардың рұқсатсыз жиналуы тоқтатылды.