Иненің көмегімен 400-ден аса дертті емдеуге болады – дәрігер
– Нұршаш Нұрмұқанқызы, қытай медицинасымен айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?
– Мен 1996 жылы Шыңжандағы медицина университетіне оқуға түстім. Бір қызығы, Қытайда шығыс медицинасы барлық оқу бағдарламасынан қосымша пән ретінде жүргізіледі. Яғни ондағы болашақ педиатрлар да, терапевтер де, хирургтар да – қай саланың маманы болмасын, оқу бітірерде шығыс медицинасынан хабардар болып шығады. Кішкентай күнімде әкем сыртқаттанып қалғанда, анам қазақы еммен арқасынан банка қойып, қан алатын. Соның пайдасын көріп өскен соң ба екен, шығыс медицинасына қатты қызықтым. Қытайда бұл бағытта он алты жыл бойы жұмыс істедім. 2016 жылы Қазақстанға оралып, шипагерлік қызметімді жалғастырып жатырмын.
– Қытай медицинасының дәстүрлі батыс медицинасынан басты ерекшеліктері неде?
– Қытай халқы бес мың жылдан бері осы саланы зерттеп, әртүрлі зерттеу орталықтарын құрды ғой. Оның басты ерекшелігі – ағзаны химиялық дәрі-дәрмекпен емес, барынша табиғи ем-домды, дәрілік шөптерді қолдана отырып айықтыру. Әсіресе, бас сақинасы, жүйке жүйесінің аурулары, ұйқысыздық, асқазан, бауыр, бүйрек аурулары, бедеулік, гинекологиялық ауруларды тиімді әдіспен әрі тезірек емдеу тәжірибесі талай рет дәлелденген. Батыс медицинасы әдетте ауырған дене мүшесіне бағытталған ем жүргізсе, қытай медицинасы адамның жалпы ағзасын сауықтыруды көздейді.
– Сіздер адамның нақты қай жерінде ауру барын анықтау үшін заманауи аппараттарды қолданасыздар ма, әлде диагноз қоюдың басқа өзіндік жолы бар ма?
– Адамның ауруын анықтауда тамыр ұстап, адамның тіліне, бет-әлпетін қарап диагноз қоямыз. Тамыр ұстау қазақы емде де бар. Артерияның дыбысына қарап жүректің соғуын бақылауға болады. Оның жанында қалқыма тамыр, тұнба тамыр деген тамыр түрлері бар. Қалқыма тамырдың екпіні қатты болса, демек организмге суық жиналған деген сөз. Тамыр ішке қарай кіріңкі болып, әлсіздеу соғып тұрса, бұл – қаназдықтың, күш-қуаттың азайғанының белгісі. Маржан секілді тамырлардың бар-жоғына қарап, әйелдің аяғы ауыр екенін өте ерте мерзімде-ақ анықтауға болады. Тілге қарап өттің толғанын, асқазан-ішек жолдарында ақау барын байқаймыз. Бұл амал-әдістер арқылы ағзада қандай да бір өскін барын, оның пәлен сантиметр болғанын айта алмаймыз, бірақ қанайналымның бұзылғанын, денедегі ыстық-суықты біле аламыз. Ал күрделі жағдайларда науқастың УДЗ, МРТ нәтижелерін көреміз.
– Емдеу барысында ине терапиясын жиі қолданасыздар. Сіздің практикаңызда бұл әдіс қаншалықты тиімділігін көрсетіп келеді?
– Инемен емдеу тәсілі осыдан 2000-3000 жыл бұрын пайда болды деген болжамдар бар. Ол кездері адамдар темір, болат инелер арқылы ем алса, кейін күміс, мыс, алтын инелерді пайдаланған. Бір артықшылығы, ине терапиясы көп шығынды қажет етпейді. Ол үшін арнайы құрылғы, ешбір ота керек емес. Қазір инемен емдеу әдісі әлемнің 100-ден аса елінде таралған. Иненің көмегімен 400-ден астам дертті емдеуге болады. Мен ем бастамас бұрын алдыма келген науқасқа тамыр лүпілі арқылы диагноз қоямын. Адамның бойында 20-ға жуық меридиан, соның бойымен өтетін 700-ге жуық емдік нүкте бар. Сол нүктелерді дәл тауып, ине салса, адамның бойындағы тепе-теңдік қалпына келеді. Осылайша ағза сауығады. Инемен емдеудің мақсаты да осы.
– Қазір ине терапиясымен кейбір жеке адамдардар айналысатын болып жүр. Білімін сұрасаң, көбі – екі-үш айлық курсты оқып алғандар. Оларға бару қаншалықты қауіпті?
– Ине салу үшін анатомияны ғана біліп алу жеткіліксіз. Адам денесінде ине қоятын арнайы орындар болады, инені салғанда оны қаншалықты тереңдікте сұғуды да жақсы меңгеру керек. Кейбір тұстарға тереңірек сұғып жіберсе, оның пайдасынан зияны көбірек болып кетеді. Одан бөлек, ешқашан ине сұғуға болмайтын жерлер де бар. Ісіктің кей түрлеріне шалдыққан адамдарды инемен емдеудің қажеті жоқ, ауру қатты асқынып кеткен жағдайларда науқасқа көбіне дәстүрлі мединицалық ем-шаралар қажет болады. Инемен емдеу – табыс көзі болмауы тиіс, соны адамдар жақсылап ұғынып алса екен.
– Ем-дом бергенде шөптердің рецептісін өздеріңіз жазасыздар ма? Әлде бекітілген рецептілер бар ма?
– Шөптердің рецептісін дәрігер өзі жазбайды. Қытайда осындай дәрілік шөптерді зерттейтін арнайы университет бар. Ғалымдар арнайы ресми ұйым бекіткен рецептілерді жинақтап, кітап қылып шығарады. Онда әр ауру түріне ем болатын тұнбалардың бірнеше рецептісі беріледі. Кейбір адамдарда белгілі бір шөп түрлеріне аллергия болуы мүмкін. Ондайда дәрігер басқаша нұсқаны ұсына алуы үшін осылайша бір ауруды бірнеше жолмен емдеуге болатындай мүмкіндік қарастырылған.
– Ол шөптердің бәрін өз елімізден табуға бола ма? Әлде кейбір сирек кездесетін түрлерін Қытайдан алдырту керек пе?
– Ең кереметі, Қазақстанда дәрілік шөптердің барлық түрі бар. Негізі халқымыз ежелден «Жалбызды жерде жан қалар» деп, шипалы шөптердің пайдасын жақсы білген ғой. Бірақ, бір өкініштісі, сол шөптерді өңдеп, дәрілік препаратқа лайықты етіп шығаратын зауыттар жоқтың қасы. Жақында елордадағы медицина университетінің шақыртуымен студенттерге қытай медицинасы жайлы дәрістер оқып келдім. Сонда өзге дәрігер-ғалымдармен сөйлескенімде, осы мәселеге қынжылдық. Қазір тек Шымкент пен Қарағандыда да дәрілік шөптерді өңдейтін зауыт бар. Бірақ олардың қарқыны көп көлемде шығаруға жете бермейді. Қытайдың өзі шөптерді біздің елден алып, өздерінде өңдеп, қайтадан өзімізге сатады.
– Әңгімеңізге рақмет. Ісіңізге сәттілік тілейміз.