00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Сенім телефонына жылына 50 мыңдай бала жүгінеді

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Сенім телефонына жылына 50 мыңдай бала жүгінеді
ашық дереккөз

Ел бойынша 2 мыңға тарта психологиялық көмек орталығы бар. Мәселен, орта есеппен алғанда бір мектепте 4 мың оқушы білім алады. Оларға 2 психологтан келеді. Бұл ретте жыл басынан орта білім беру мекемелерінде буллингтің құрбаны болған оқушылардың саны 12 пайызға артқан.

Ата-аналардың айтуынша, мектеп психологы басшылықтың сөзін сөйлеп, объективті шешім қабылдай алмайды екен. Соның кесірі оқушыларға тиіп жатқан көрінеді. Сондықтан мектеп психологы директорға тәуелді болмауы тиіс деп санайды сарапшылар. Олардың пайымынша, мектеп психологтарына жағдай жасалмаған. Жалақы аз, қағазбастылық көп. Еңбекақы шамамен 40-120 мың теңге аралығында. Оларға мектеп басшылығы сағат бөлмейтін көрінеді. Тіпті кей мекемеде педагог-психологтардың кабинеттері де жоқ. Оған қоса мамандар сауалнаманы орыс тілінен қазақшаға өздері аударатын болып шықты.

«Психологқа баланы мұғалім жұлқылап алып келеді. Ол баланың жеке шекарасын бұзу деп ойлаймын. Не себепті мұғалімдер осындай әрекет жасайды? Ол тек ата-ананың рұқсатымен болуы керек қой. Психологтарға мектептерден сабақ беру керек деп ойлаймын. Өйткені олардың сағаты жеткіліксіз. Сөйтіп жүріп балаларға қалай көмек жүргізеді? Бір мекемеде 4 мың бала оқиды, ал 2-3 психолог жұмыс істейді. Бұл дұрыс емес. «300 балаға – 1 психолог» деген бұйрық орындалмай жатыр», - дейді Қазақстан психологтар қоғамының төрайымы Гүлзат Асанова.

Жалпы ел бойынша 7,5 мыңнан астам педагог-психолог бар. Дегенмен бұл жеткіліксіз. Ал Білім және ғылым министрлігінің өкілі мектеп психологына арнайы талап жоқ екенін алға тартып отыр.

«Негізінен қатты талап қойылмайды. ЖОО-дан кейін біліктілігіне сай дипломы болса, жұмысқа алынады. Бірақ мына нәрсені ескеру керек: ол қандай мектепке бара жатыр, сол мектептің мақсаты, міндеті, стратегиясына сай кейбір қосымша талаптар мектеп басшысына қойылуы мүмкін. Білім беру ұйымдарындағы сынып санының көлеміне байланысты педагог-психологтардың жүктемелері 0,5, 1-2 жүктеме барлығы 177 қаулыда көрсетілген», - дейді Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының жетекші сарапшысы Балабек Кеніштайұлы.