Қай өңір тұрғындарының цифрлық сауаты жоғары
Коронавирус індеті әлемде цифрландыру қарқынын жеделдетті. Пандемияның «арқасында» әртүрлі ұйымдар халыққа қашықтан қызмет көрсете бастаған.
Қазақстан да одан қалыс қалған жоқ. Көптеген мемлекеттік қызмет онлайн-режимге ауыстырылды. 2020 жылы елде автоматтандырылған мемлекеттік қызметтер саны 83%-ға дейін өсті. Бүгінде министрліктер көрсететін қызметтердің 90%-дан астамын электронды форматта алуға болады.
Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру мен оңтайландыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Саладағы жұмыстар "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар қазақстандықтардың цифрлық сауаты жыл сайын артуда. Дербес компьютерді, смартфонды, планшетті немесе ноутбукті пайдалану дағдыларын меңгерген, сондай-ақ стандартты бағдарламаларды пайдаланатын және интернет арқылы қызметтер мен сервистерді алатын пайдаланушылардың үлесі 2019 жылы 79,9%-ға, 2020 жылы 82%-ға өскен.
Өңірлер арасында халықтың цифрлық сауат деңгейі бойынша Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда және Қостанай облыстары алда келеді.