"Көгілдір отынмен" ең көп қамтылған өңірлер қайсы
“Көгілдір отынмен” қамтылған өңірлер арасында еліміздің негізгі газ өндіруші аймағы болып саналатын Батыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Онда 2020 жылдың соңына қарай 230 ауыл мен қалаға газ жүргізілген. Алғашқы үштікке Жамбыл (214 елдімекен) мен Түркістан (148 елдімекен) облыстары да кіреді.
Бұл үш аймаққа республикадағы газдандырылған барлық қала мен ауылдың жартысынан көбі тиесілі. Сонымен қатар «көгілдір отын» тартылған ауылдардың 40%-ы екі өңірде – Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында орналасқан.
Елімізде көгілдір отын тартуға байланысты проблемалардың басым бөлігі инфрақұрылымға қатысты. Ал тікелей баға мен халықтың газға қолжетімділігі тұрғысынан алғанда жағдай жаман емес.
Бұған «РИА Рейтинг» сарапшыларының зерттеуі дәлел бола алады. Олар Еуропа елдерінде ең арзан газ Қазақстанда (1000 текше метрге 58,2 доллар) деген қорытындыға келген. Ресей – екінші орында (1000 текше метрге 88,5 доллар), үшінші орында – Беларусь (146,7 доллар). Ал газы ең қымбат ел – Швеция (алайда бұл елде жаңартылатын энергия көздерін барынша пайдалануға тырысады, ал газды тұтыну деңгейі жоғары емес).
Бұған қоса Қазақстан – халықтың газға қолжетімділігі бойынша да көшбасшылардың бірі. Ел халқы орташа айлық жалақысына 7,5 мың текше метр газ сатып ала алады. Ал бұл – Еуропадағы екінші орындағы көрсеткіш. Бұл ретте Люксембург – бірінші орында (9,1 мың текше метр газ), ал Ресей – үшінші орында (6,8 мың текше метр газ). Ұлыбритания мен Бельгия төртінші және бесінші сатыда болса, Украина аутсайдерлер қатарында.
Биыл газдың көтерме және бөлшек саудадағы бағасының шамалы өскендігі байқалды. 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша қазақстандықтар үшін тарату желілері арқылы тасымалданатын газ бағасы өткен жылдың қаңтар-қыркүйегімен салыстырғанда 1,9% өсті. Сонымен қатар кейбір аймақтарда, керісінше, бағаның төмендеуі байқалды: мысалы, Қызылорда облысында - 1,3%, Түркістан облысы мен Шымкент қаласында - 0,3% төмендеген. Ақмола облысындағы баға жылдық динамикада өзгеріссіз қалды.