00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстанда журналистердің мәртебесін көтеру ұсынылды

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақстанда журналистердің мәртебесін көтеру ұсынылды
ашық дереккөз

«Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ», - деді депутат.

Өз сөзінде депутат ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер бар екенін мәлімдеді.

«Кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген», - деді ол.

Cенат өкілі пандемия кезінде журналистер дәрігер, полицей және құтқарушылармен тең дәрежеде жұмыс істегенін, алайда бұл үшін ешқандай қосымша ақы және әлеуметтік кепілдік алмағанын еске салды. 

«Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті.  АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны – 3-4 мың доллар шамасында ғана», - деген сенатор Түркия, Әзербайжан сияқты елдердің де бұл істе бізден көш ілгері кеткенін атады.

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», - деді Нұртөре Жүсіп.