Димаш Құдайберген Түркия халқына көңіл айтты (ВИДЕО)
Танымал әнші Димаш Құдайберген бауырлас мемлекет Түркияда болып жатқан апатты жағдай мен ондағы қаза тапқан адамдар санының өсіп жатқанын айтып қынжылды, деп хабарлады Elorda.info.
Ассалаумағалейкум, құрметті достар! Қазақ халқына бауырлас Түркия, Сирия және басқа да мемлекеттерде болып жатқан апатты жағдайлар мен қаза тапқан адамдардың саны мыңнан асқанын естідім. Бұл жаңалықты күйзеліспен қабылдап отырмыз. Опат болған адамдардың жақындарына қайғыра көңіл айтамыз. Зардап шеккен жандардың сауығып кетуін тілейміз, – дейді өнер иесі.
Сондай-ақ Димаш жеке ән кешінен түсіп жатқан қаржының бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсайтынын айтты.
Осы тұста әлем бойынша өткізіліп жатқан ән кештерімнен түскен қаражаттың бір бөлігін табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға көмек ретінде аударамын. Командама тапсырма бердім. Әр отбасыға аманшылық тіледім. Аспанымыз ашық, әлем атты ортақ үйіміз апат пен зілзаладан аман болсын, – деп түрік халқының қайғысына ортақтасты.