Мемлекет басшысы «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты

Бүгін, 15:14
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views56
Мемлекет басшысы «ШЫҰ плюс» саммитіне қатысты
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпжақты ынтымақтастықты дамыту, өңірлік қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз ету» тақырыбына арналған «ШЫҰ плюс» саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Қытайдың төрағалығы аясында ШЫҰ халықаралық қоғамдастықтағы өз позициясын айтарлықтай күшейткеніне назар аударды.

Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр Астанадан бастау алған «ШЫҰ плюс» форматы Ұйымның күн тәртібімен үйлесім тапты. Көптеген мемлекеттің қызығушылығы артқан Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемалары жөніндегі нәтижелі пікір алмасу алаңына айнала бастады.

«Әлемдегі үрейлі үрдістерді ескерсек, мұның маңызы өте зор. Ол қауіп-қатерлер баршаңызға мәлім. Бұл мәселені қайта айтудың мәні жоқ. Әйтсе де бір жайтты атап өткім келеді. Аталған жағдайдың себебі мен салдары ұқсас. Яғни өзара сенім мен әлемдік тәртіптің келешегіне жауапкершіліктің жоқтығы, көпжақты дипломатия мен халықаралық ұйымдардың әлеуетін жете бағаламау осындай ахуал қалыптастырды. Бір нәрсе анық, ешқандай ел қазіргі cын-қатерлерді жалғыз өзі еңсере алмайды. Менің пайымдауымша, мұндай қиын кезеңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының күн тәртібі жасампаз әрі оң сипатта болуға тиіс. Ұйым қақтығыс жағдайларын шешуге, әлемді қорғап, мемлекеттердің орнықты дамуына жол ашатын жаһандық диалогты күшейтуге бағытталған стратегиялық шешімдер әзірлеуі керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бірлескен күш-жігер жұмылдыру арқылы қарулы қақтығыстардың ушығуына жол бермеу қажет.

«Жақында біз қос тарихи датаны – Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына және Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеміз. Қытай коммунистік партиясының жетекшілігімен ұлы қытай халқының жапон басқыншылығына қарсы соғыста жеткен жеңісіне Қазақстанда шынайы құрметпен қарайды. Квантун армиясын талқандау Екінші дүниежүзілік соғыстың нүктесін қойды деуге болады. Оған Ялта конференциясының шешіміне сәйкес Кеңес Одағының әскері де қатысты. Қан майданда миллиондаған адам құрбан болды. Сондықтан аталған мерейтой Жеңістің идеологиялық, саяси аспектілеріне әлемдік қоғамдастықтың, әсіресе, жастардың назарын аударуға орайлы сәт», - деді Мемлекет басшысы.