Сот орындаушы өзіне пайда әкелетін құжаттарды ғана орындауға тырысады – Снежанна Имашева


Бұл туралы Үкімет сағатында айтылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Снежанна Имашева комитетке келіп түскен өтініштердегі проблемаларға тоқталады.
Оның айтуынша, сот орындаушылар құжаттарды орындау кезінде әрекетсіздік жасап, тиісті шара қабылдамайды.
«Сот орындаушының әрекетсіздігіне байланысты түсетін шағым - Әділет департаменттеріне, палаталар мен соттарға, заңды тұлғаларға азаматтардан ең көп түсетін шағымдардың бірі.
Көптеген жылдар бойы сот орындаушысы, алдымен, өзіне пайда әкелетін құжаттарды орындауға тырысып, басқа құжаттарға, әсіресе әлеуметтік сипаты бар құжаттарға аз уақыт пен күш жұмсайтын үрдіс әлі де жалғасып келеді. Бұндай жағдайда сот орындаушысы борышкерді іздеуге асықпайды. Әңгімелесуге шақырмайды. Мүлік пен ақшаны өндіріп алу бойынша тексеру және іздеу шараларын қабылдамайды. Уақытында керек тыйымдарды салмайды», - деді Снежанна Имашева.
Соның салдарынан 2024 жылы прокурорлар борышкерлердің алименттерді, жалақыны және мемлекеттің пайдасына шешілетін сомаларды өндіруді орындаудан жалтаруының 6210 фактісін анықтаған.
«2,6 млрд қарызы бар 1700 борышкер онлайн казино мен букмекерлік кеңселерде 5,8 млрд теңге ставка жасаған. 325 млн қарызы бар 484 борышкер Қонаев пен Шучинск казиносында 147 млн теңге қаржы жұмсаған. 3,3 млрд қарызы бар 2500 борышкер элеткрондық әмияндар арқылы 5,1 млрд теңге кірістерін жасырған. 130 млн қарызы бар 72 адам 4 жылжымайтын мүлік обьектісі мен 84 автокөлікті әдейі иеліктен шығарған. 230 млн қарызы бар 117 борышкер өз шотттарынан 2 млрд теңге еш кедергісіз шешіп алған. 210 млн берешегі бар 300 адам 55 млн-ға бағалы заттарды ломбардқа тапсырған», - деді ол.



